Тайлық әйел табыттан тірі шықты

Кремацияға әкелінген тайлық әйел табыттың ішінде тірі табылды. Оның қимылдағаны ғибадатхана қызметкерлерін қатты шошытқан.
Оқиға Бангкок маңындағы Нонтхабури провинциясында орналасқан Ват Рат Пракхонг Тхам будда ғибадатханасында болды. Қызметкерлердің бірі әйелдің ақ табытта, пикаптың жүксалғышында жатып, қолы мен басын қимылдатқан сәті түсірілген видеоны жариялады.
CNN ақпаратына қарағанда, бұл көрініс қызметкерлерді абдыратқан.
Ғибадатхананың жалпы және қаржылық мәселелер жөніндегі басқарушысы Пайрат Судтхуп дүйсенбі күні 65 жастағы әйелді оның ағасы Пхитсанулок провинциясынан кремацияға әкелгенін айтты.
Ол табыт ішінен әлсіз тарсылдаған дыбыс естіген.
«Мен таңғалып қалдым. Содан кейін оларға табытты ашуды сұрадым. Бәрі селк ете қалды», — деді Пайрат Судтхуп.
«Мен оның көзін сәл ашып, табытты қаққанын көрдім. Ол біраз уақыттан бері тарсылдатып жатқан болуы керек», – деді қызметкер.
Пайраттың айтуынша, әйелдің ағасы оның екі жылдай төсек тартып жатқанын, кейін жағдайы нашарлап, екі күн бұрын тыныс алуды тоқтатқандай болып, реакция бермей қалғанын айтқан. Осыдан кейін ағасы оны табытқа салған. Бұрын әйел өзі органдарын донорлыққа бергісі келетінін айтқандықтан, Бангкоктағы ауруханаға 500 шақырым жол жүрген.
Аурухана оның ұсынысын қабылдамаған. Себебі ағасының ресми өлім туралы куәлігі болмапты.
Мұның алдында италиялық жасөспірім – 15 жасар бала мыңжылдықтағы алғашқы әулие атанған еді.