Тимур Турлов «Шахтёр» футбол клубын сатып алды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: gov.kz

Қарағандының «Шахтёр» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі хабарлады.

Қарағанды облысы әкімдігі мен Тимур Турлов өңірде толыққанды футбол экожүйесін қалыптастыруға кірісті. Жобаның жалпы құны – 18,5 млрд теңге. Оның 12 миллиарды жаңа футбол академиясын салуға, 6,5 миллиарды балалар мен бұқаралық футболды қолдауға жұмсалады.

Қазір Турловтың қолдауымен бірнеше бастама іске асып жатыр. Оның ішінде «ALGA» жобасы (2029 жылға дейін 40 мың оқушыны қамтиды), Freedom BFL ресми балалар-жасөспірімдер лигасы және «Шахтёр» академиясының құрылысы бар.

Академия 10 гектар аумақта салынады. Онда жабық манеж, жаттығу алаңдары, әкімшілік кешені, медициналық орталық, бассейн, асхана, жатақхана және инфрақұрылымы толық жылы дәліздер арқылы біріктіріледі. Ауласына воркаут-аймақ, саябақ және автотұрақ салынады.

Кадр даярлау ісіне де ерекше көңіл бөлінген. Жаттықтырушыларға UEFA лицензиясын алу және халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі. Спорттық инфрақұрылым тек қалада емес, ауылдарда да жүйелі түрде дамытуға уәде етілді.

Бұған дейін Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Шахтёр» футбол клубы 50 млн теңгеге аукционға шығарылатынын хабарлаған еді. Сондай-ақ Бектенов депутаттық сауалға жауабында Турловты қазақ футболын дамытудағы серіктесі деп атады.

Кейінгі үш жылда Тимур Турловтың есімі Қазақстан футболымен бірге аталатын болды. Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры үшін басты басымдық бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер футболы болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз