Алматыда ең арзан тауық еті бірден 550 теңгеге қымбаттайды

Алматы қаласында ең арзан әлеуметтік тауық еті бірден 550 теңгеге қымбаттайды. Өйткені әлеуметтік кәсіпорын тауық етін былтырғыдан әлдеқайда қымбат бағаға сатып алатын болды. Бұл туралы Kursiv.Media қала әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Тауық еті қымбаттайды
Мегаполис билігінің дерегінше, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» мен «Алатау-құс» тауық етін жеткізу және сату бойынша шартқа отырды. Шарт бойынша ет өндіруші компания 30 дүкенге 358,8 тонна тауық етін жеткізіп, оның бір келісін қала тұрғындарына 1650 теңгеден сатады. Бұған дейінгі шарттағы баға 1100 теңге болған, яғни қаладағы ең арзан тауық еті бірден 550 теңгеге көтеріледі деген сөз.
Бағаны тұрақтандыру үшін жасалған келісім мерзімі – 24 ай.
Ұлттық статистика бюросының қарашадағы мәліметінше, Алматы қаласында тауық етінің орташа бағасы – 1476 теңге.
Арзан құмшекер
Сонымен бірге «Алматы» ӘКК» жергілікті өндірушілерден 4500 тонна құмшекер сатып алды. Отандық қант «Magnum», «Small», «Toimart», «Столичный», «Юбилейный» және өзге сауда желілерінде 10%-дан аспайтын үстемақымен сатылады. Өндіруші бекіткен баға – келісіне 405 теңге. Бағаны тұрақтандыру 2026 жылғы қарашаға дейін жалғасады.
Статистика бюросы мегаполисте құмшекердің орташа бағасын 450 теңге деп көрсетті.
Жұмыртқа
Әлеуметтік кәсіпорын жұмыртқа бағасын тұрақты ұстап тұру үшін «Сары-Бұлақ» компаниясымен келісімге отырған. Ол 2027 жылғы қазанға дейін созылады. Фирма қала нарығына 86,4 млн дана жұмыртқа өткізді. Өндіруші белгілеген баға – данасы 51 теңге. Сауда орындарында үстемақы 15%-дан аспауға тиіс.
Арзан тауар сатылатын жәрмеңкелер
Әкімдік Алматыда әр сенбі және жексенбі күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетінін еске салып отыр. Бұл жерлерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарықтағы бағадан 15-20% төмен саудаланады. Жәрмеңке қаланың бес ауданында ұйымдастырылады:
- Алмалы ауданы — Масанчи көшесі (Әйтеке би және Гоголь көшелерінің арасы);
- Алмалы ауданы — Жамбыл мен Әуезов көшелерінің қиылысы;
- Әуезов ауданы — Өтеген батыр көшесі (Абай даңғылынан төмен);
- Бостандық ауданы — Қазақфильм шағынауданы (әл-Фараби даңғылынан жоғары);
- Медеу ауданы — Меңдіқұлов бульвары – Бектұров көшесі;
- Жетісу ауданы — Құлагер шағынауданы, Серіков көшесі, 2.
Азық-түлік бағасы үкіметтің 25 қарашадағы жиналысында да талқыланды. Жиыннан кейінгі брифингте сауда вице-министрі Астана мен Шымкенттегі баға айырмасын жергілікті саудагерлердің менталитетімен түсіндірді.