
Америкалық танымал дәрігер Алмас Шарман, әлемде гонконг тұмауы (H3N2) тез тарап жатқан уақытта, биылғы қысқа болжам жасап, пайдалы кеңес берді.
Гонконг тұмауы тез құбылады
65 жастағы ғалым әлемде қалыптасқан ахуалға алаңдап, вирус бірнеше мәрте өзгеріске ұшырағанын айтты.
«Биыл кең таралып жатқан штамм тез өзгереді – бір ғана жаз маусымында кем дегенде жеті мәрте өзгеріске ұшырады. Иммунитет оны бірден «тани алмайды», сондықтан таралу қаупі де жоғары», – деп есептейді маман.

Қазақстанда туып, Құрама Штаттарға көшкен ғалымның пікірінше, вакцина вирустың жаңа түріне сәйкес келмесе де, әсіресе, балалар мен қарт кісілерді қатты сырқаттанып қалудан сақтайды.
«Қазақстанда вакцина егу ауқымы өте төмен, сондықтан осал топтардың ауру жұқтыру қаупі де жоғары», – деп есептейді ол.
Қыс қиын болады
Сарапшылар тұмау ең көп таралатын уақыт бірнеше аптадан кейін басталады деп болжады. Сол себепті, Шарманның пікірінше, тұмауға қарсы егуді дәл қазір жасатқан жөн. Өйткені вакцина ағзада қорғаныс түзем дегенше екі апта уақыт кетеді.
«Биылғы қыс қиын болғалы тұр, оған осы бастан қамданған жөн», – деп ескертті дәрігер.
Не істеу керек?
Ол тұмаудан сақтануға қатысты кеңес берді.
- вакцинаны мейлінше ертерек салдыру;
- ауру белгілері пайда болған уақытта үйден шықпау;
- балалар мен қарт кісілірде аурудан қорғау;
- қарапайым сақтық шараларын естен шығармау.
Бала гонконг тұмауын (H3N2) жұқтырған жағдайда не істеу керек екенін білмесеңіз, дәрігер кеңесіне құлақ асыңыз.
2025 жылғы қарашада Қазақстанда гонконг тұмауы өршіді. Жұқпалы вирус әсіресе балалар арасында кең таралып жатыр. Соған байланысты елдегі жеті өңірдегі оқушылар сабақты онлайн форматта оқып жатыр. Тұмау өршіп тұрған жақта Астанада концерт өткізуге тыйым салынды.