Lifestyle

Қазақша Threads «президенті» Қоянбаев желіде Қазақстанды мақтауды ұсынды

Нұрлан Қоянбаев тредс
коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Танымал продюсер әрі тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев Threads әлеуметтік желісінде әр сәрсенбі сайын Қазақстан күнін атап өтуді ұсынды. Желі қолданушылардың дені бастаманы қолдады.

Ұрыспайтын күн

Threads-те шамамен 183 мың оқырманы бар Қоянбаев тағы бір ерекше ұсынысымен елді елең еткізді. Биыл жазда коммент саны жөнінен рекорд орнатқысы келген сықақшы енді елді мақтауға арналған күн белгілеуге көшті.

«Тредсте сәрсенбі «ҚАЗАҚСТАН КҮНІ» деп жариялаймыз! Тредсті дұрыс пайдаланайық. Бізді көп елдер оқиды екен! Сәрсенбі күні елімізді мақтап фото, видеолар бар пост салайық! Елімізге күшті жарнама жасайық! Сәрсенбі күні-тыныштық күні, ешкімді жамандамаймыз, ұрыспаймыз, бір бірімізге лайк басып кетеміз», – деп жазды Қоянбаев.

Бір тәуліктің ішінде сықақшының жазбасын шамамен мыңдаған адам қарап, 16 мыңнан астам «лайк» басып, 300-ге жуық пікір қалдырған. Көпшілік бастаманы қолдап жатыр.

тредс қоянбаев пост жазба

Қоянбаев президент пе, староста ма?

Әлеуметтік желідегілер Қоянбаевты қазақша тредс «президенті», «старостасы», «бастығы» деп атады. Көпшілік аптаның қалған күндерін де бөліп алуға көшті. «Жұма – жақсылық жасау күні болсын» дейді тағы бір оқырман.

тредс қоянбаев жазба қазақстан күні

Кейінгі жылдары Қазақстанда Threads әлеуметтік желісін қолданушылар көбейді. Оны зерттеулер де растап отыр.

КВН-нен Тредске дейін

Қоянбаев көпшілікке «Қазақтар» және «Astana.kz» көңілді тапқырлар клубы командаларының капитаны ретінде танымал. Ол ұзақ уақыт бойы Qazaqstan мемлекеттік телеарнасында «Түнгі студия» телешоуын жүргізді.

Бұған қоса, ол комедия жанрында бірнеше фильм түсірді. «Қазақша бизнес» деген атаумен басталған фильмдер сериасы «Америкада», «Африкада», «Кореяда», «Түркияда», «Бразилияда», «Үндістанда» жалғасын тауып, жыл сайын көрерменге жол тартып отырды. Одан бөлек продюсердің «Таиландтағы демалыс», «My love Aisulu», «Qazaq Alemi» секілді фильмдері бар.

Бұған дейін Kursiv.Media Қоянбаев тіл мәселесін шешудің ең оңай жолын ұсынғаны туралы жазған.

Осының алдында президент «Алға, Қазақстан!» тіркесін ұлттық ұран деп бекіткен.