
«ҚазМұнайГаз» ұлттық команиясының 2025 жылғы 9 айдағы таза табысы 12,82%-ға артып, 978 млрд теңгеге жетті. Алайда долларға шаққандағы табыс сәл азайды. Мәлімет мұнай компаниясының қаржы есебінде жарияланды.
Теңгемен есептегенде табыс көбейді
Ұлттық компанияның қаңтар-қыркүйек айларындағы түсімі 7 трлн теңгеден сәл асты. 2024 жылғы дәл осы уақытта түсім 6 трлн 349 млрд теңге болған.
EBITDA көрсеткіші, яғни салық, несие және басқа да шығындар алынбағандағы табыс көлемі 1 трлн 800 млрд теңге болды. Былтыр тоғыз айда мұндай көрсеткіш – 1 трлн 611 млрд теңге.
Ұлттық компанияның таза қарызы 2025 жылғы 30 қыркүйекте 496 млрд теңге болды. 2024 жылдың аяғында ол 1 трлн 163 млрд теңге еді.
Долларға шаққанда кіріс азайды
Компаниясының қаржы көрсеткіштеріне әлемдегі мұнай бағасының арзандауы айтарлықтай әсер етті. Мәселен, былтыр Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің орташа құны 82,8 доллар болса, биыл 70,9 долларға дейін түсіп қалған. Баға 14,3%-ға түскен.
Қазақстан өндіретін KEBCO маркалы мұнай құны да 13,3%-ға төмендеді: 2024 – 83,2, 2025 – 72,1 доллар.
Валюта бағамы да қаржы көрсеткіштеріне кері әсер етті. 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте доллардың орташа бағамы 458 теңге болса, биылғы тоғыз айда ұлттық валюта 520 теңгеге дейін құнсызданды. Оның үстіне, инфляция 12,9%-ға дейін көтерілді.
Соған байланысты ҚМГ-ның доллармен есептегендегі кіріс 2%-ға, яғни 13,5 млрд долларға дейін қысқарды.

Өндіріс пен транзит
2025 жылғы тоғыз айда мұнай мен газ конденсатын өндіру 10%-ға, ал газ өндіру 20%-ға артты. Өндірістің көп бөлігі Теңіз кен орнына тиесілі.
Дегенмен ішкі және халықаралық құбырлар арқылы мұнай тасымалдау көрсеткіші былтырға қарағанда 1,1%-ға бәсеңдеді.
ҚМГ есебіндегі мәліметке қарағанда, компания Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы 1 тонна мұнай тасығаны үшін 36 доллар, ал Қазақстан-Қытай құбырына 6 799 теңге төлеп отыр.
Дивиденд
Компания биыл да, былтыр да, 2023 жылы да тоғыз айда 300 млрд теңге дивиденд төледі.
«ҚазМұнайГаз» акцияларының 67,42%-ы «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорына, 20%-ы Қаржы министрлігіне, 9,58%-ы Ұлттық банкке тиесілі. Құнды қағаздардың қалған 3%-ы Қазақстан қор биржасында (KASE) еркін айналымда жүр.