Вице-министр Астана мен Шымкенттегі баға айырмасын менталитетпен түсіндірді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков
Вице-министр Айдар Әбілдабеков / фото: gov.kz

Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігіндегі баға айырмашылығын жергілікті саудагерлердің менталитетімен түсіндіруге тырысты.

Үкіметтің 25 қарашадағы отырысынан кейінгі брифингте журналистер сауалдарына жауап берген вице-министр Астана мен Шымкенттегі баға айырмасын ерекше әдіспен түсіндіруге талпынды.

«Астана мен Алматыда баға айырмасы бар. Шымкенттегі бағаны көріп, талып қала жаздайсыз. Мандарин мен апельсин арзан. Астанаға жеткізу шығыны былай тұрсын, мұнда тауарды сақтауға да ақша кетеді. Күн суық.

Оңтүстікте саудагерлердің менталитеті, Астанаға қарағанда, басқаша. Базарда сауда жасайтындардың менталитеті бөлек. Онда (оңтүстікте – ред.) халық көп тұратындықтан, маржа аз қосылады. Ал мұнда (Астанада – ред.) азық-түлік қымбат», – деді Әбілдабеков.

Астана – Қазақстандағы ең қымбат қалалардың бірі. Шымкент айтарлықтай арзан шаһарлардың біріне жатады. Мәселен, Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сүйсенсек, 1 кг ұн Астанада 289 теңге, ал Шымкентте 173 теңге тұрады. 1 литр күнбағыс майын елордада 897 теңгеге, ал Шымкентте 774 теңгеге сатып алуға болады.

Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстанда қызанақ, ет, қияр және банан бағасы қымбаттағаны туралы жазған. Азық-түлік бағасы жаңа жыл қарсаңында көтерілуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз