Жаңалықтар

Жаңбыршин: Біз басқа елдердің экономикасын қаржыландырып отырмыз

Еділ Жаңбыршин депутат парламент
фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Қазақстан басқа елдердің экономикасын қаржыландырып отыр. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке зор нұқсан келтіреді. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин комитет отырысында осылай деп мәлімдеді.

25 қарашада Астанада мұнай-газ компанияларының жергілікті қамту деңгейін дамыту туралы комитет отырысы өтті. Депутаттар, шенеуніктер, сарапшылар қатысқан жиынға төрағалық еткен Жаңбыршин талқыланатын мәселелердің өзектілігін былайша сипаттады:

«Импорт тауарлар үлесі 60 млрд долларға жеткен. 2021 жылы 42 млрд доллар болатын. Бізде оның үлесі өте жоғары. Мұнай-газ ғана емес, барлық сала бар. Бұл біздің ұлттық қауіпсіздігімізге зор нұқсан келтіреді. Себебі біздің экономика басқа елдердің экономикасын қаржыландырып отыр», – деп есептейді төменгі палата депутаты.

Бұған қоса, ол Қазақстанның сырттан келетін тауарларға тәуелді болып қалғанын атап өтті. Соған байланысты Жаңбыршин елде жер қойнауын өндірушілерге отандық тауарларды алу міндеті қойылғанын қалайды.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров тақырыпқа орай баяндама жасап, 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында мұнай өндірушілердің 3,8 трлн теңгеге тауар мен қызмет сатып алғанын айтты. Соның елге қатыстысы – 2,2 трлн немесе 57,8%. Мұнда Теңізшевройл, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», NCOC және ҚазМұнайГаз компанияларының үлесі жоғары.

Қазақстанның шетел өніміне тәуелді болып бара жатқанын қарашаның басында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы да ескерткен.

Жыл соңына дейін импорт көлемі 64,3 млрд доллар, ал экспорт 75,5 млрд доллар шамасында болады деп болжанып отыр.