Қазақстанда қандай жолдар ақылы болады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров ел аумағында тағы қандай жолдар ақылы болатынын айтты. Сондай-ақ жол апаты жиі тіркелетін аса қауіпті жол учаскелерін де атады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде республика бойынша 50-ден астам жол бөлігі ресми түрде апаттық-қауіпті деп танылған. Әсіресе, Ақтөбе облысындағы бір учаскеде жуырда болған жол апатынан кейін арнайы шаралар қабылданды.

«ІІМ және ТЖМ-мен бірлесіп, еліміз бойынша ең апатты учаскелер анықталып, жылдамдықты шектеу, жол белгілерін орнату сияқты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады», – деді вице-министр.

Қандай жолдар ақылы болады

Сонымен қатар Қалиақпаров жолдарды жаңғырту мен ақылы жүйеге көшіру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, биыл 13 мың шақырым жол қамтылып отыр. Келешекте жөндеуден өткен кейбір жолдар ақылы болуы мүмкін.

«Ақылы жолдарды енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Негізгі талап – балама тегін жолдың болуы және техникалық категорияға сай болуы қажет. Қарағанды – Алматы, Талдықорған, Өскемен, Ақтөбе, Тараз және Астрахань бағыттары бірінші кезекте қарастырылып отыр», – деп атап өтті вице-министр.

Статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстандағы ақылы жолдардан бюджетке 62 млрд теңге қаржы түсті. Бүгінде республикалық маңызы бар 4883 шақырымды қамтитын 26 ақылы автожол учаскесі пайдалануға берілген.

Сондай-ақ оқыңыз