Lifestyle

iPhone 17e: Apple-дің жаңа бюджеттік моделі қандай болмақ

Фото: unian.net

2026 жылдың көктемінде Apple компаниясы iPhone 17e моделін таныстырмақ. Бұл смартфонды iPhone 16e-нің ізбасары деуге болады. Дегенмен жаңартылған дизайны мен бұрын «бюджеттік» үлгілерде болмаған бірқатар функциялармен ерекшеленеді.

Инсайдер Джефф Пу ұсынған деректерге сүйенсек, басты жаңалық, дисплейдің жоғарғы бөлігіндегі дәстүрлі ойықтың орнына Dynamic Island технологиясының енгізілуі болмақ. Алайда экран сипаттамасы өзгермейді – 6,1 дюймдік OLED дисплей, жиілік – 60 Гц.

Аппараттық жаңартуларға келсек, жаңа iPhone 17e моделінде қазіргі үлгілердегідей Center Stage функциясы бар 18 МП-лік алдыңғы (селфи) камера болады. Сондай-ақ смартфон Apple A19 процессорымен, Apple C1 модемімен, N1 сымсыз байланыс чипімен және 48 МП негізгі камерамен жабдықталады. Қалған сипаттамалары алдыңғы буынмен ұқсас болады.

Сонымен қатар Apple бұл модельді қолжетімді құрылғылар сегментінде сақтау үшін iPhone e сериясының алдыңғы буындарындағы бағаны өзгеріссіз қалдыруды жоспарлап отыр.

iPhone 17e смартфонымен қатар алдағы айларда A18 Pro чипі негізіндегі бюджеттік MacBook және iPad-тың 12-ші буыны таныстырылады деп күтілуде.

Осыған дейін Apple компаниясы iPhone желісін ауқымды жаңартуға кіріскенін мәлімдеді. Бұл өзгерістер құрылғыларға да, олардың шығу цикліне де қатысты. Компания алдағы үш жыл ішінде мүлде жаңа үш модельді ұсынуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, алғашқы бүктелетін iPhone мен 2027 жылы шығатын, экраны иілген және камерасы дисплей астына жасырылған жаңа флагман жайлы сөз болып отыр.