Жаңалықтар

Астанада жаңа коммуналдық қызмет пайда болады

Фото: kursiv.media архиві

Астанада жаңа коммуналдық қызмет енгізілмек. Енді көпқабатты үйлердегі пәтер иелері лифті жөндеу және ауыстыру, сондай-ақ үйдің күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалған шығындарының бір бөлігін қайтарып ала алады. Бұл жөніндегі тиісті ережелерді Астана қаласының әкімдігі бекітті.

Астана әкімдігі көпқабатты тұрғын үйлердегі лифтілерді жөндеу және ауыстыру, сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты пәтер және коммерциялық нысан иелеріне қаржының қайтарымдылығын қамтамасыз ету ережелерін бекітті. Құжат көпшілік талқылауына ұсынылды.

Тұрғын үй және тұрғын инспекциясы басқармасының мәліметінше, жаңа ережелер ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы мен кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу тәртібін реттейтін Өнеркісіп және құрылыс министрлігініңң бұйрығы негізінде әзірленген.

Не өзгереді?

Құжатта алғаш рет тұрғындардың төмендегі шығындарын ішінара өтеуге мүмкіндік беретін қаражатты қайтару механизмі нақты көрсетілген:

  • лифтілерді жөндеу және ауыстыру;
  • көпқабатты үйдің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу;
  • инженерлік жүйелерді жаңарту.

Жаңа коммуналдық қызметтің мақсаты  – тұрғын үйлердегі қаржылық үдерістердің ашықтығын арттыру және пәтер иелерінің жүктемесін азайту.

Механизм қалай жұмыс істейді?

Ережеде мыналар нақтыланған:

  • қаражатты есептеу және қайтару тәртібі;
  • өтемақы алуға меншік иесінің құқығы болатын жағдайлар;
  • ішінара өтелетін жұмыстардың тізімі;
  • пайдалану қызметтері мен әкімдіктің міндеттері.

Қаражатты қайтару тек нақты шығындар расталып, жөндеу жұмыстары белгіленген тәртіппен аяқталғаннан кейін ғана жүзеге асырылады деп күтіледі.

Еске салайық, үкімет 2026 жылғы бірінші тоқсанның аяғына дейін коммуналды тарифтерді өсіруді тоқтатады. Ал тарифтерді көтеруге мораторий жарияланған уақытта табиғи монополия субъектілерін кешенді тексеру жүргізіледі.