Сұраныс азайғанына қарамастан, Lada көліктері тағы қымбаттайды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: АвтоВАЗ

2021 жылдан бері Lada көліктерінің бағасы Ресейде орта есеппен 72%-ға қымбаттады. Бағаның өсуі әлі де жалғасады.

«Ресейдің көлік форумы» кезінде АВТОВАЗ басшысы Максим Соколов журналистерге Lada бағасы тағы өсетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім нарық жағдайы мен макроэкономикалық факторлармен байланысты.

«Соңғы рет бізде баға индексациясы шамамен бір жыл бұрын, қаңтар айында болды. Ол кезде баға 2%-дан да аз өсті, яғни ресми инфляция деңгейінен бірнеше есе төмен. Бұлай ұзақ уақыт бойы бағаны ұстап тұру мүмкін емес, импорт артты, қытайлық стоктардың агрессивті демпингі нарыққа қысым көрсетті. Бағалар нақты өзіндік құнға сәйкес көтерілуі тиіс», –  деді Соколов.

Lada көліктеріне сұраныс азайды

Сонымен қатар компания Lada көліктеріне сұраныс баяулағанынан өндіріс қарқынын төмендетуге мәжбүр. Соколов 2024 жылы АВТОВАЗ 459 мың көлік сатылса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш шамамен 370 мыңға дейін қысқарады деп болжап отыр. Оның ішінде 350 мың көлік Ресей нарығына тиесілі болмақ. Қазіргі кезде бұл нарықтың жылдық көлемі 1,4 млн автокөлікке бағалануда.

Lada-ның Қазақстан нарығындағы әлеуеті

Lada маркасының Қазақстандағы сатылымына назар аударар болсақ, бұл нарық тольяттилік алпауыт үшін басты экспорт бағыттарының бірі саналады және жағдай біртіндеп қалпына келуде. 2024 жылы автосалондар қайта іске қосылған кезеңмен салыстырғанда, 2025 жылы сатылым айтарлықтай артқан. Мысалы, 2024 жылдың алғашқы он айында елімізде 750 көлік сатылса, оның 745-і – тек Granta болған. Ал 2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында бұл көрсеткіш 2303 бірлікті құрады: 913 –  Granta, 639 – Niva Legend, 457 –  Niva Travel, 294 –  Vesta.

«АвтоВАЗ» көліктері Ресей нарығындағы ең қолжетімді автокөліктер қатарында. «Авилон» дилерлік тобының мәліметінше, 1 млн рубль шегінде тек екі жаңа модельді сатып алуға болады, олар үш түрлі жинақтағы Lada Granta мен базалық Niva Legend.

Ең қымбат модель – Lada Aura

«Автостат» агенттігінің дерегінше, 2025 жылдың қазан айында жаңа жеңіл көліктің орташа бағасы 3,43 млн рубльді құраған. Ал «АвтоВАЗ»-дың ең қымбат моделі Lada Aura. Оның максималды жинақтағы бағасы мемлекеттік қолдау бағдарламаларын есепке алмағанда 2,8 млн рубльге жетеді.

Осыған дейін жаңа LADA Azimut кроссоверінің жолдағы сынақ процессі басталғаны жайлы жазған едік. Бұл модель LADA бренді тарихындағы алғашқы кроссоверлердің бірі және модельдік қатардағы ең қымбат көлік болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз