
Түркістанда азаматтарды жалған жұмысқа орналастыру бойынша құйтырқылық жасалып, мемлекетке 49 млн теңге залал келтірілді.
Түркістан қаласында субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылған азаматтардың жалақысын төлеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша айыптау үкімі шықты.
Тергеуді Түркістан облысы бойынша ҚМА департаменті жүргізді.
Агенттің ақпаратынша, «Еңбек мобильдігі орталығы» ШЖҚ МКК-ның бұрынғы директоры, «Жұмыс берушілерді қолдау» бөлімінің қызметкері және бірнеше коммерциялық ұйымдардың басшылары азаматтарды субсидияланатын жұмыс орындарына жалған орналастыру арқылы бюджет қаражатын заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.
«Орталықтың қызметкері кәсіпкерлердің электронды цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін жалған лауазымдарды көрсетіп, өтінімдер жіберген. Өтінімдер мақұлданғаннан кейін жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар рәсімделген, ал азаматтар іс жүзінде ешқандай еңбек міндетін атқармаған», – делінген ақпаратта.
Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау бағдарламасына қатысу үшін, яғни зейнетақы және медициналық аударымдар жүргізіледі деген желеумен, таныстары мен туыстарына банк есепшоттарын ашуды ұсынған.
Ай сайын жүйеге жалған жұмыс уақыты табельдері енгізіліп отырған.
Осы құжаттардың негізінде қаражат жалған қызметкерлердің есепшоттарына аударылан. Ал алынған ақша кәсіпкерлер арқылы қолма-қол беріліп, бөлім қызметкеріне тапсырылған, ол қаражатты схемаға қатысушылар арасында бөліп отырған.
Нәтижесінде 78 адам жалған түрде жұмысқа орналастырылып, мемлекетке клтірілген залал 49 млн теңгеден асып отыр.
Сот үкімімен үш кінәлі адам 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Атылған агенттік жарты жылда 310 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалғаны туралы хабарлаған еді.