
Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков ұялы телефонға қоңырау шалатын банктер мен мемлекеттік органдардың нөмірі сәйкестендіру тетігін енгізуді ұсынды. Мәжілісмен бұл шара телефон алаяқтығына тосқауыл болатынын айтады.
Мәжіліс отырысы барысында депутат Стамбеков телефон алаяқтығының артуы елдің қаржы жүйесі үшін үлкен тәуекел туғызатынын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандықтар кім қоңырау шалып жатқанын және қоңырау мемлекеттік органдардың немесе қаржы ұйымдарының қызметкерлерінен келіп түсетінін тексеруге мүмкіндігі жоқ.
«2024 жылдың сәуір айында мен азаматтардың ұялы телефондарында қаржы институттары мен коллекторлық агенттіктердің барлық нөмірлерінің сәйкестендіру деректерін көрсету тетігін пысықтау ұсынысымен депутаттық сауал жолдадым. Алайда бұл ұсыныс осы уақытқа дейін іске асырылған жоқ», – деп атап өтті депутат.
Депутаттың айтуынша, қазіргі уақыттағы өзгерістерді ескере отырып, мемлекеттік органдар нөмірлерінің сәйкестендіру дерегін көрсету қажет. Осыған байланысты депутат өз сұрауын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жолдаған.
Сондай-ақ, депутат қазақстандықтарға күдікті қоңырауларды ықтимал алаяқтық деп белгілеуге техникалық мүмкіндік беруді ұсынды. Ол үшін ІІМ, ҚНРДА және Қаржы министрлігі чат-бот, колл-орталық және мобильді қосымшасы бар азаматтардың өтініштерін өңдеудің бірыңғай орталығын құру мәселесін пысықтауы тиіс.