
Голливуд жұлдызы Брюс Уиллис отбасына ғана емес, медицина ғылымына да үлкен үлес қалдыруы мүмкін. Актёрдің жұбайы Эмма Хеминг-Уиллис күйеуі қайтыс болғаннан кейін оның миын ғалымдарға беруді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл шешім маңдай-шекелік деменция дертін тереңірек зерттеп, болашақта басқа науқастарға көмектесу үшін жасалып отыр.
Эмма Хеминг бұл шешімді қабылдау оңай болмағанын жасырмады. Мұны «эмоционалды күрделі, бірақ ғылым үшін маңызды» деп сипаттады. Оның пікірінше, Уиллистің миын зерттеу – осы сирек дерттің себебін, әсерін және даму механизмін түсінуге жаңа мүмкіндік береді.
«Бәлкім, бір күні бұл басқа отбасыларға көмектесер», – деп жазады ол өз мемуарларында.
Актердің диагнозы және қазіргі жағдайы
2022 жылы Брюс Уиллиске афазия диагнозы қойылып, кино саласынан кетуге мәжбүр болды. 2023 жылы дәрігерлер оған маңдай-шекелік деменцияны анықтады. Бұл сөйлеу, есте сақтау және мінез-құлыққа әсер ететін емделмейтін ауру.
2025 жылдың шілде айында ауруы асқынып кеткен, актер сөйлей алмайды, туыстарын танымайды, оқи алмайды. Қазіргі таңда тек қолдау терапиясы жүргізіледі.