БҰҰ жаңа Бас хатшысын сайлауға дайындықты бастады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

БҰҰ жаңа Бас хатшысын сайлауға дайындықты бастады. Осыған орай ұйымның Қауіпсіздік кеңесі мен Бас Ассамблеясы жаңа бас хатшыны сайлау рәсімін бастау үшін бірлескен хат таратты.

Бас хатшы лауазымына кандидатураны ұйымға мүше мемлекеттер ұсынады. Әр мемлекет тек бір үміткерді ғана көрсете алады. Кандидатты ұсыну үшін елдер Қауіпсіздік кеңесінің және Бас Ассамблея төрағаларының атына ресми хат жолдауы тиіс. Ал үміткерлер өз кезегінде БҰҰ-ның дамуы жөніндегі көзқарасын және табыс көздері туралы мәліметті ұсынуы керек. Егер үміткер БҰҰ құрылымында қызмет етсе, мүдделер қақтығысын болдырмау үшін сайлау науқаны кезінде жұмысын уақытша тоқтату ұсынылады.

Бас хатшыны тікелей сайлау келесі жылдың шілде айының соңына жоспарланған. Қазір бұл лауазымға екі адам өз ниетін білдірді: Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің басшысы Рафаэль Гросси және БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының бас хатшысы Ребекка Гринспан.

Құжатпен қараша айында Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп отырған Сьерра-Леоненың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі таныстырды.

Бірлескен хатта БҰҰ тарихында бұл лауазымға әйел адам ешқашан тағайындалмағаны «өкінішпен аталып», мүше мемлекеттерге әйел үміткерлерді ұсынуды байыппен қарастыру ұсынылады.

Қазіргі бас хатшы Антониу Гутерриштің өкілеттігі 2026 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.

Еске салайық, БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында Тоқаев сөз сөйлеп, ұйымды реформалауды ұсынған еді.

Сондай-ақ оқыңыз