«Дәрігерді қорқытты» деп науқасты соттауға қарсымын – Абзал Құспан

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Абзал Құспан заң жобасына қарсы екенін айтты / Фото: parlam.kz

Мәжілісте қылмыстық іс жүргізу кодексіне толықтырулар енгізу мәселесі қаралып жатыр. Атап айтқанда, құжат медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметін қорғаудың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған.

Заң жобасы медицина қызметкерлері немесе жедел жәрдем жүргізушілеріне күш көрсету фактілері үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді көздейді.

Әйтсе де, депутат Абзал Құспан дәрігерлер мен науқастардың арасындағы қарым-қатынасты қылмыстандыруға қарсы екенін айтады.

«Медиктерді арнайы субъект ретінде тануға мен қарсымын. Мына күйінде заң қабылданбауы керек. Себебі біз Қылмыстық кодекстің құрылымын қатты бұзып алдық. Бұл мемлекеттік басқаруға байланысты бөлімде тұр. Жалпы және ерекше бөлім бар. Ерекше бөлім 18 тараудан тұрады. Біздің келіспей отырғанымыз – қорқыту жайттары. Біздің ол саланы қылмыстардырғанымыз дұрыс емес. Қиналып жатқан науқас дәрігерлерге түрлі ауыр сөздер айтуы мүмкін. Эмоциямен айтуы ықтимал. Оның бәрін қылмыс деп тергей беру дұрыс емес», – дейді ол мәжіліс кулуарында.

Бұл сұрақты депутат мәжілістің отырысында да көтерді. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселе ұзақ талқыланғанын, әрбір дерек жеке қаралып, зерттелетінін айтады.

«Қорқыту қылмыс болуы үшін шынайы болуы керек. Егер өмірге қауіп төнбесе, басқа баппен қаралады. Әрбір жайтқа жеке қараймыз. Кез келген қорқыту жайттарын тергей кетеміз деп отырған жоқпыз», – дейді Санжар Әділов.

Заң жобасы әлі талқыланып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз