Cарыағашта бір отбасы уланып қалды

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ақжар ауылында жеке тұрғын үйде бір отбасының 7 адамы уланып қалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ақау үйді жылыту пешінен шыққан. Көмір толық жанбай, көмір қышқыл газ үй ішіне тарап кеткен. Нәтижесінде үй ішінде болған 7 адам уланып, аруханаға түскен. Олардың 5-еуі – бала.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы иіс тиген бір отбасынан шыққан 7 адамның Сарыағаш орталық ауруханасына жеткізілгенін растады.

«Алдын ала тексерістен кейін, әкесі үйіне қайтарылды. Бес бала дәрігерлердің бақылауына қалдырылды, жағдайлары қанағаттанарлық. Аналары да балаларымен бірге ауруханада. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің толық бақылауында» делінген басқарма хабарламасында.

Үй иесіне «өрт қауіпсіздігі қағидалары талаптарын бұзғаны» үшін айыппұл салынған.

Облыстық төтенше жағдай депараментінің дерегінше, облыста өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып, пайдаланған пештерден улы газдан уланудың бірнеше фактісі тіркелген. Оқиғалардың негізгі себебі – уақтылы тазаланбаған түтін мұржалары, жабық қақпашалар, пеште жарықтардың болуы.

Төтенше жағдай қызметкерлері жылыту маусымы алдында 201 мың үйді аралап, тексерген. Тексеру кезінде 37 мыңнан аса бұзушылық тапқан.

Айта кетейік, 18 қараша күні таңсәріде Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында екі қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 12 адам мерт болған. Олардың жетеуі бір отбасының адамы. Қалғаны үй иесінің ағасының төрт баласы мен анасы екені белгілі болды. Өрттен 3 адам аман қалған. Олар қазір ауруханада емделіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз