Италияда әйелді өлтіргендерді өмір бойы түрмеге қамайтын заң қабылданды

Италия ұлттық қылмыстық кодексіне фемицидті жеке қылмыс ретінде енгізді. Бұл бап ең жоғары жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.
Заң президент қол қойғаннан кейін күшіне енді. Бұл Еуропада әйел құқықтарын қорғауға бағытталған ең көп талқыланған реформалардың бірі болды.
Бастаманы премьер-министр Джорджия Мелони бастаған үкімет ұсынған. Ол 2025 жылдың 7 наурызында министрлер кабинеті отырысынан кейін заң жобасын жариялап, әйелдерге қарсы зорлыққа жүйелі түрде жауап берудің маңызын атап өтті.
Фемицид – әйелді оның жынысына байланысты қасақана өлтіру. Яғни бұл жай ғана адам өлтіру емес, гендерлік себеппен жасалған қылмыс.
БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының ғаламдық зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы қаза тапқан әйелдердің шамамен 60 пайызына жұбайы, бұрынғы серіктесі немесе басқа отбасы мүшелері қол көтерген. Зерттеуде «үй – әйелдер мен қыздар үшін ең қауіпті орын» деп көрсетілген. Бұл фемицидтердің едәуір бөлігі отбасында болатынын аңғартады.
Бұған дейін Қырғызстанда әйел мен балаларды зорлық-зомбылықпен өлтіргендер үшін өлім жазасын енгізу ұсынылған.
Бірақ БҰҰ мұны халықаралық құқық бұзу деп есептеп, Қырғызстанды өлім жазасын енгізбеуге шақырды.