Кондиционер құлап қайтыс болған фельдшердің ісі алға жылжыды ма

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: Instagram/rustemova_aliya

Кондиционер құлап қайтыс болған фельдшердің ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды ма? Бұл сұраққа Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жауап берді.

«Кешенді сот құрылыс экспертизасын тағайындадық, оның ішінде кондиционерге де, құлаған қасбетке де қатысты. Шынымен де жәбірленушімен қиын жағдай болды. Фельдшер қайтыс болды. Арнайы қызмет, тез жетуі керек төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысына құқықтық баға береміз», – деді ол.

Әділовтің сөзінше, төтенше жағдай қызметкерлері өз міндетін дұрыс орындамаса, оларды да жауапқа тартуы мүмкін.

«Бізде Қылмыстық кодекс аясында қылмыстың орын алуына себеп болған жағдайларға ұсыныс енгізуге негіз бар. Бұйрықты орындамаған, уақытылы келмеген төтенше жағдай қызметкерлеріне біз міндетті түрде назар аударамыз. Егер қылмыстық негіз болса, міндетті тәртіппен қылмыстық іс басталады», – деп атап өтті.

8 қарашада Астанадағы тұрғын үй қасбеті құлаған. Сол кезде көмекке келген екі фельдшердің басына кондиционер құлап, ауруханада қайтыс болды. Кейін әкімдік марқұм Ұлдана Қалдарханқызының отбасына материалдық көмек көрсететінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз