
Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Петровка ауылының маңында Алаштың аса көрнекті қайраткері, жазушы-журналист, ұлт ұранының авторы Міржақып Дулатұлының құрметіне қойылған мемориалдық кешенді белгісіз біреулер бүлдіріп кеткен.
Мемориалдық кешеннің бүлінген суреттерін әлеуметтік желідегі парақшасында әдебиет тарихшысы, сыншы, алаштанушы Заңғар Кәрімхан бөлісті.
25 қараша – Міржақып Дулатұлының туған күні. Ақынның туғанына 140 жыл толып отыр. 1917 жылғы ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы жиынынан соң, елді бүліншіліктен қорғау үшін жер-жерде әскерге жігіт жинау ісі басталған. Міржақып Дулатұлы жанында атақты заңгер Айдархан Тұрлыбайұлы бар екеуі Қызылжар маңындағы Аққұсақ деген жерде (Әлти қажы Барлыбай баласының қонысы) төтенше жиын ашады. 1918 жылғы шілдеде өткен бұл жиында ел-жұртқа Алаш идеясы түсіндіріліп, халықты қорғау туралы сөз болады.
«107 жыл өткенде осы аумаққа (Жамбыл ауданының Петровка ауылының маңы) мемлекеттік бюджетке қол салмай, жекелеген кәсіпкерлердің, онда да Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарының көмегімен мемориалдық кешен тұрғызылады. Қазіргі заманғы инженерлік-архитектуралық талаптарға сай жасалған еңселі ескерткіш 27 қыркүйекте ашылуы тиіс болған. Уақыт жақындағанда ұйымдастырушылар қасақана қиратылған, бүлінген күйіне тап болады. Жаға ұстатар бұл сорақылықты кім жасады? Вандализммен жақсы дүниені бүлдіргендердің ойында не бар?» – дейді Заңғар Кәрімхан.
Кешенді жасаушылардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі техника, крандар, жұмысшылар жіберіп, кешенді талқандауды бастаған. Ұшар басындағы қыранның символдық бейнесін, айналасындағы шам бағандарын, мемориалдық тақтаны сындырып, бұзып кеткен.
«Не үшін? Қандай мақсатта орындалды? Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның айтқанын екі етпейтін орынбасары Жүсіп Жұмағұлов басқаратын әкімдіктің ойынша, «Алаш» партиясына, Алаш Орда үкіметіне және оның көсемдеріне 28 метрлік мұндай керемет ескерткіш орнатуға болмайды-мыс. Солтүстік Қазақстан газеті рас па? Олар нұсқау жоғары жақтан келді деп ақталуы да мүмкін. Кешенді толық қиратуға дәттері жетпеген сияқты. Алаштың асыл азаматтарының азиз рухы басты ма, әлде өзге бір себеп бар ма, облыс атқамінерлері мүлдем жойып жібере алмапты. Енді не болмақ?» – деп алаңдайды ол.
Алаштанушы бұған әкімдік те, Мәдениет және ақпарат министрлігі деп жауап беруі керек деп санайды. «Бұл кешен тек Міржақыпқа ғана қатысты емес, осы өлкеге ғана тиесілі емес, Әлихан, Ахмет, Жаһанша, Мұхамеджан, Смағұл сынды тау тұлғаларға құрмет деп есептеледі. Бұл жер Қазақстанның сакральды картасына кіргенін жаза кетейік» дейді ол.
Міржақып Дулатұлы жайлы
Міржақып Дулатұлы – Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі. Ол ақын, жазушы, публицист, педагог және мемлекет қайраткері ретінде XX ғасыр басындағы қазақ қоғамын оятуға, ұлттың саяси-мәдени санасын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға.
1909 жылы Уфада басылған «Оян, қазақ!» кітабы Міржақыпты бүкіл далаға танытқан ұлттық манифест болды. Ол онда отарлық езгінің салдарын ашып көрсетіп, халықты білімге, бірлікке, өз құқын қорғауға шақырды. Дулатұлы Ахмет Байтұрсынұлы және Әлихан Бөкейханмен бірге «Қазақ» газетінің негізгі авторларының бірі ретінде қоғамдық пікірді қалыптастырды, ағартушылық бағыттағы мақалалар жазды.
Ол қазақ жастарын оқыту, мектеп бағдарламаларын жаңарту, ана тілінде білім беру мәселелерін көтерген көрнекті педагог болды. Сонымен қатар «Бақытсыз Жамал» романы қазақ прозасының жаңа дәуірін ашқан алғашқы психологизм элементтері бар көркем туындылардың бірі саналады.
Ақын Кеңестік қуғын-сүргін жылдарында жалған айыппен тұтқындалып, 1935 жылы Сосновец лагерінде қаза тапты. Міржақып Дулатұлының мұрасы – қазақтың ұлттық жаңғыру дәуірінің символы.