Жаңалықтар

Қазақстанда тірі өліктер көбейді: ажырасу келесі буынға қандай залал келтіреді

Биыл елімізде жарты жыл ішінде 51,4 мың неке тіркелсе,  21,5 мың отбасының шаңырағы ортасына түскен / фото: shutterstock
Биыл елімізде жарты жыл ішінде 51,4 мың неке тіркелген, ал 21,5 мың отбасының шаңырағы ортасына түскен / фото: shutterstock

Қазақстандық психологтар ажырасқан ата-ана рухани тұрғыдан тірі өлікке айналса, балаларының отбасын құруын қиындататынын айтып отыр.

«Менің тәжірибемде бір қыз «отбасын құрмаймын, құрбыммен бірге тұра беремін» дегенді айтқан болатын», – дейді психолог Лимана Құттыбекқызы.  Жас қыз отбасы құру ұрпақ жалғастыру үшін керек екенін түсінеді. Бірақ ол үшін отбасын құрмай-ақ, ешкіммен жанжалдаспай-ақ, ЭКО жасату оңтайлы екенін айтқан.   

Құрғақ сандар

Қазақстан ажырасу бойынша әлемдегі екінші ел болып отыр деген пікір кең таралып келеді. Ұлттық статистика бойынша, биыл елімізде жарты жыл ішінде 51,4 мың неке тіркелсе,  21,5 мың отбасының шаңырағы ортасына түскен.

Ал 2014 жылы 11 айдың ішінде 48,4 мың неке бұзылған. 2021 жылы 80 мыңнан астам, 2022 жылы 82 мың, 2023 жылы 78 мыңнан астам арыз берілген.

Бұл – құрғақ сандар емес, адам тағдыры. Психолог Лимана Құттыбекқызы ажырасудың көбеюінің алты себебін атап берді.  

Алты себеп

Біріншісі – эмоционалдық жақындықтың әлсіреуі.

Екіншісі – писхологиялық сауаттылықтың жетіспеуі. Қазақ қоғамында жан-дүниені түсінуге теріс қарайды.

Үшіншісі – отбасындағы экономикалық тұрақсыздық. Жұмыс істеп, ақша тапқанымен, ол тек қана кредит жабуға кетеді. Бірін-бірі кінәлай бастайды. Ол күйзелісті күшейтеді.

Төртіншісі, жеке даму. Бұл – адамдардың құндылықтарының өзгеруі. Бұрынғы «мен» маған ұнамайды. Басқа адамға айналғысы келеді. Отбасында бәсекелестік болғанда, береке, үйлесім болмайды. Әйел адам нәзіктігін жоғалтқан кезде, жанжал басталады. Ол кезде сүйіспеншілік те жоғалады.

Бесіншісі, туыстардың араласуы. Ата-ене, қайнаға, қайын сіңліге деген құрметке келгенде, шекара дұрыс қойылуы керек. Олай болмаса, жас отбасы қысымға түседі.

Алтыншы фактор, тез ашулану. Яғни мінез.

Кіші өлім

Психолог Серікгүл Сәлидің пікірінше,  ажырасу – кіші өліммен тең.

«Адамдар бір үйде тұрады. Араларында ортақ бала бар. Талай жылды, сәттерді бастан кешірді. Отбасы эмоциялық тұрғыдан бірігеді. Бірлесу болады. Мұны үзіп, екі жаққа кету өлімді бастан кешіргендей хәлге түсіреді. Бауыр басқан адамдар ажыраған кезде өздерін-өздері жоғалтып алады. Сондықтан мұны өліммен теңестіреді. Жұбайың сен үшін өлген сияқты болады. Ал көзге шөп салу, сатқындық сені біреу өлтіргендей күйге түсіреді», – дейді психолог.

Оның пікірінше, ажырасқан жұптар өзін жоғалтқан. Болашағын ойлай алмайды. Өте ауыр күйзелісте болады. Ертең не болатынын білмейді. Қоғам тарапынан қысымға ұшырайды.  

«Ұрыс-жанжал болса да, осы қарым-қатынасқа үйреніп қалады. Адам үйреншікті ортасынан орын ауыстырған кезде, психикасы ауыр күй кешеді. Жаман болса да, қайтадан бұрынғыдай бола берсінші деп ойлайды. Міндетті түрде басқа біреудің қолдауын күтеді. Мені өзіне жақын тартса, көмек берсе деп басқа адамдардың қолдауына, ағайын-туыстардың жәрдеміне мұқтаж болады», – дейді Серікгүл Сәли.

Балалардың хәлі

Психолог Лимана Құттыбекқызының айтуынша, балалардың психикасы өте сезімтал. Отбасындағы атмосфераны тез сезеді.

«Әсерін жас шамасына қарай бөліп қарау керек. Үш жас пен алты жасқа дейінгі бала кінәні өзіне алады. «Мен жаман болдым ба» деп өзін кінәлайды. Мазасыз болады. Түнде жылайды. Ұйықтай алмай іздейді. Мәселен, әкесін ұзақ көрмесе, ауырады. Жеті жас пен 12 жас – тұлғалық қалыптасу кезеңдері. Ол кезде ашушаңдық, ата-анасына қарсы шығу, жылау, сабақ үлгерімінің төмендеуі, ішкі қайғыны жасыру байқалады. Тұйықталып кетеді, денсаулығы сыр беруі мүмкін», – дейді маман.

Лимана Құттыбекқызының сөзіне қарағанда, жөсөспірім кезеңде ата-анадан алыстау, агрессия таныту, тұйықталу, болашақта отбасын құрудан қорқу пайда болады.

«Бұл қыздарда да, ұлдарда да кездеседі. Анасы баланың бойынан әкесінің қылықтары мен мінезін байқаса, соны үнемі бетіне басып отырады. Бұл да балаға өте ауыр тиеді. Баласын ойлайтын ата-ана ажырасып кетсе де, анасы әкесін жамандамауы керек. Өйткені ол үшін әкесі өте жақсы адам болып қалуы тиіс. Ажырасқаннан соң ата-ана бірін-бірі сыйласа, бала тез қалпына келеді. Ата-ана бірін-бірі жамандаса, баланың жүрегінде терең жара болады. Соны ескеру ләзім», – дейді психолог.

Мемлекет не шара қолданып жатыр?

Мемлекет бұл қоғам індетіне қарсы шара қолдануға талпынып жатыр. Айталық, Сенат отырысында депутат Амангелді Есбай психологтар мен коучтар жайлы заң қабылдауды ұсынды. Оның пікірінше, псевдокоучтар мен дипломы жоқ психологтар елдегі отбасы институтын бұзып жатыр.