Қазақстандықтар Бурабайда казино салуға қарсы петиция жариялады

Бурабай ауданындағы танымал туристік аумақтарда казиноның ашылатыны жайлы ақпарат тарады. Осы орайда жергілікті тұрғындар болса, экологияға алаңдаушылық білдіріп, ойын бизнесін басқа жерге көшіруді талап етуде.
Әкімдік қаулысына сәйкес, Бурабай ауданындағы бірқатар танымал туристік аймақта казино салу көзделген. Оның аумағы Щучинск қаласындағы Щучье көлінің оңтүстік-шығыс жағалауы, «Светлый санаторийі» мен «Щучинск санаторийі» шағынаудандары кіріп отыр. Сонымен қатар, бұл тізімде Үлкен Шабақты көлінің солтүстік-батыс бөлігі, Текекөл маңы, Бурабай кенті мен Сарыбұлақ және Оқжетпес ауылдары да бар.
Алайда бұл жергілікті тұрғындар мен тұрақты демалушылардың наразылығын тудырды. Сол себепті азаматтар e-Petition платформасында бұл аумақта ойын бизнесін жүргізуге тыйым салуды талап етіп, петиция жариялады.
Петиция авторының айтуынша, мұндай шешім курорттың экожүйесіне үлкен зиян келтіруі мүмкін.
«Бұл шешімге алаңдаушылығымды білдіремін, себебі аталған аумақтар Қазақстанның басты табиғи көрікті жерлерінің бірі саналатын және сауықтыру-экологиялық туризм үшін танымал курорт болып табылатын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына кіреді.Казино бұл өңірдің атмосферасын түбегейлі өзгертіп, мүлдем басқа сипаттағы туристерді тартуы мүмкін», – дейді ол.
Петиция авторы Болат Бащжанов Лас-Вегасты мысалға келтірді. Ол әлемдік тәжірибеде казино сияқты ойын-сауық мекемелерін шөлді, табиғаттан, қалалардан және рекреациялық аймақтардан алыс жерлерде арнайы бөлінген аумақтарда орналастыру қалыпты тәжірибе екенін атап өтеді. Оның айтуынша, бұл – экологияға зиян келтірмеу және жергілікті қауымдастықтарға кері әсер етпеу үшін қолданылатын тәсіл.
Сондықтан ол Бурабайдың туристік әлеуетіне зиян келтірмес үшін жоспарланып отырған ойын аймақтарын Ақмола облысының экологиялық шектеулері жоқ, әрі шалғай орналасқан аудандарына көшіруді сұрайды.
Сонымен қатар, Бащжанов құрылыс жұмыстары басталмай тұрып, жергілікті тұрғындардың пікірін ескеру үшін ашық қоғамдық тыңдау өткізуді талап етіп отыр.
Алайда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов казино құрылысы жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ол ойын аймақтарына арналған учаскелер бұған дейін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітіліп қойған, сондықтан жаңа нысандар салу туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ.
Айта кетейік жуырда Алматыда Pokstars және Luckyshark онлайн-казиноларының иелері айыпталды.