Алматыда кафе мен мейрамхана жаппай жабылып жатыр ма

Алматы қаласында кафе мен мейрамханалар жабылып жатқаны туралы видео әлеуметтік желілерде таралды. Блогер назарына іліккен мекемелердің жартысы жақында ғана жұмысын тоқтатқан.
Алматылықтар үрейі
«Шынымды айтсам, қатты алаңдаймын, 2026 жылы не болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Мекеме жабық тұрғанын көргенде төбе шашым тік тұрады», – деп жазды автор.
Instagram-да жарияланған бейнероликке пікір қалдырғандар екіге жарылды. Бірі қалада бос тұрған үй-жайлар шынымен көбейіп барады десе, тағы біреулер жаппай жабылып жатыр деуге әлі ерте деп есептейді.
«Жеке кәсіпкер ретінде айтайын: сізге қателескен жоқсыз – шынымен жабылып жатыр. 20 жылдық тәжірибем бар, соған қарамастан азық-түлік дүкенімді жабу жағын ойланып жүрмін. Себебі: салық жоғары, жалға алу, коммуналдық қызметтер қымбат. Әрі апта сайын баға негізсіз өсіп жатыр. Төрт жыл бұрын сіріңкені 47 теңгеден алсам, қазір 76 теңге тұрады. Тауардың басқа да түрі туралы айтпай-ақ қояйын», – дейді қала тұрғыны.
Жаңа тәртіпке бейімделгендері ғана қалады
Мейрамхана бизнесі шынымен құлдырап жатыр ма? Мәселенің мәніне көз жеткізу үшін Kursiv.Media тілшісі Қазақстан рестораторлар қауымдастығына жүгінді.
Ұйым өкілі Владислав Есевтің айтуынша, қазір осы саладағы жағдай шынымен қиын.
«Зерттеу көрсеткендей, ашылған мейрамхананың әрбір үшіншісі бір жылға жетпей жабылып қалады. Өйткені кәсіпті әрі қарай жүргізу қиын. Ресми статистика мәселенің беткі қабатынан ғана хабардар береді. Осы салада жүргендер жабылған мекеме әлдеқайда көп екенін жақсы біледі», – дейді ол.
Есевтің пікірінше, ең ауыр соққы кофейнялар мен шағын кафелерге, сонымен бірге ұсақ мейрамханаларға тиді. Олар ұстанатын маржа бұрыннан шектеулі. Бұрын маркетингпен адамды көбірек тартуға болатын, енді қызметтің өзіндік құны қымбаттап кеткені сонша, кәсіп соның бәрін бірдей көтере алмай қалды.
Қауымдастық өкілі кафелердің жабылу себебін үш фактордың қосындысымен түсіндірді:
- өзіндік құнның өсуі,
- реттеуші талаптардың күшеюі,
- жалға алу бағасының қатты көтерілуі.
«Қазір шағын бизнес үшін ең ауыры – жалға алу ақысы. Жылжымайтын мүлік нарығы өз заңымен өмір сүреді. Мұнда баға үздіксіз көтеріледі. Мысалы, 70 шаршы метр кофейняны жалға алу 650 мың болса, жаңа жылдан кейін 900 мың теңгеден жоғарылайды. Сол секілді қазір ақысы 1,5 млн тұратын мейрамханаға 2026 жылы 2,5 млн теңге төлеуге тиіс», – деп түсіндірді қауымдастық өкілі.

Владислав Есев нарық қайта құрылып жатқанын, әлсіз жобалар кетіп, жаңа тәртіпке бейімделе алатындар ғана аман қалатынын ескертті.
restoran.kz мәліметінше, Алматы қаласында 4 мыңнан астам асхана, бар, кафе мен мейрамхана жұмыс істейді.