
Кезінде «Банк ЦентрКредитті» басқарған экономист Ғалым Құсайынов 2026 жылдан бастап жаңа тұрғын үй бағасы күрт көтеріледі деп есептейді. Қосылған құн салығын 16%-ға көтеруді көздейтін жаңа Салық кодексіне қатысты пікірін маман Telegram-дағы арнасына жазды.
Құсайыновтың есептеуінше, қазір бірінші нарықта 1 шаршы метр бағасы 500 мың, ал өзіндік құны 400 мың болса, құрылыс компаниясына шамамен 80 мың теңге қалады.
2026 жылдан бастап 16% ҚҚС енгізілгенде бір шаршы метрдің таза сату бағасы 420 мың, ал өзіндік құны 352 мың теңге болады. Мұндай жағдайда салық төлеуге дейінгі пайда 68 мың, таза пайда – 54,4 мың теңге болып қалады.
«Таза пайда 25,6 мың теңгеге, яғни 32%-ға азаяды. Құрылыс компаниялары үшін бұл өте ауыр соққы, сондықтан жоғалтқан пайданы бағаны көтеру арқылы ғана өтеуге болады. Бірақ тұрғын үй бағасы әрқашан сұраныспен шектеледі», – деп жазды ол.
Құсайынов құрылысы 2026 жылда басталатын тұрғын үйлер ҚҚС төлейтінін еске салды. Соған байланысты салық реформасының осы салаға әсері 2027 жылдан бастап қатты сезіле бастайды. Өйткені олар нарыққа шамамен сол уақытта шығады.
Экономист құн салығын 16%-ға дейін көтеру сөзсіз қажет деп санайды. Себебі салықтың дәл осы түрі бюджет тапшылығы мәселесін тезірек шешуге мүмкіндік береді. Дегенмен ол кірісті арттырып қана қоймай, шығынды да азайту қажет деп есептейді.
«Дефицит 5 трлн болғанда, шығын бар болғаны 500 млрд теңгеге қысқарса, одан мәселе шешілмейді», – деп жазды ол.
Құсайыновтың пікірінше, құрылыс компаниялары ірі қалаларда көп пайда таба алады, бірақ шағын және орта шаһарларда тиімді шекте ғана жұмыс істейді. Сол себепті жаңа салық жүйесі өңірлерде тұрғын үй бағасын өсіреді. Бұған қоса, аймақтарда құрылыс қарқыны баяулайды.
Жаңа үйлер ғана емес, екінші нарықтағы тұрғын үйлер де қымбаттайды деген болжам бар.
Экономист мәселені терең әрі мұқият қарастыру қажет деп санайды, өйткені өңірлер үшін урбанизация – экономиканы ілгері жетелейтін маңызды фактор.
26 қарашада үкімет өзін жұмыспен қамтыған азаматтарға жаңа арнайы салық режимін қолдануға болатын қызмет түрлерінің тізімін бекітті. Бұған дейін Kursiv.Media кейінгі он жылда пәтер бағасы қалай өзгергені туралы жазды.