Қазақстан мен Өзбекстан газ үшін соттасып жатыр

Жарияланды
Қазақстан Өзбекстан газ
фото: shutterstock

QazaqGaz ұлттық компаниясына еншілес «Интергаз Орталық Азия» өзбек компаниясын сотқа берді. «Астана» халықаралық қаржы орталығы төрелігіне түскен шағым «Өзтрансгаздың» үстінен жазылған.

Қазақ компаниясы көрші елден шамамен 2 млн доллар өндіріп алғысы келеді. Мәлімет Олег Червинскидің «Қазақстанның мұнай-газы» Telegram-арнасында жарияланды. Шағым «Интергаздың» өзі жүргізген есептеулері негізінде дайындалған.

Алайда «Өзтрансгаз» мұндай талаппен келіспеді. Өйткені қанша газ айдалғанын есептейтін торап Өзбекстан аумағында орналасқан. Соған байланысты өзбек компаниясы шағымға қарсы талап-арыз өткізген.

Әзірге «Интергаз» бастапқы шағымын қарауды тоқтатып, даулы іске сырттан тәуелсіз кеңесші тартып жатыр.

1997 жылы құрылған «Интергаз Орталық Азия» 100% «QazaqGaz» ұлттық компаниясы тиесілі. Ал оның жалғыз акционері – «Самұрық Қазына». Интергаз Қазақстан аумағында газ тасымалдаумен және сақтаумен айналысады. Компания Ресейдің Өзбекстанға сатқан табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы транзиттеумен де айналысады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Kursiv.Media Интергаз топ-менджерлері 7 млн теңге айлық алатыны туралы жазған. Қазанның басында QazaqGaz-дың еншілес компаниясына 1,2 млрд теңге айыппұл салынған еді. Биыл жазда компания елдегі 66 ауылға газ тарту үшін 9 млрд теңгеге облигация шығаратыны мәлім болған.

Сондай-ақ оқыңыз