ҚазАзоттан шыққан химиялық сары түтін Ақтау аспанын торлады

25 қарашада Маңғыстау облысында аммиак пен селитра өндіретін «ҚазАзот» зауытында жарық сөніп, Ақтау аспанын сары түтін торлады. Бұл туралы жергілікті Лада басылымы жазды.
Басылым мәліметінше, құрамында химиялық заттар бар сары бұлтты куәгерлер видеоға түсіріп алды.
Маңғыстау облысы экология департаментінің мамандары оқиға орнына барып, ауа құрамын тексерді.
«Мониторинг барысында атмосферада ауаны ластайтын заттардың шекті мөлшерден аспағаны анықталды. Жағдай тұрақталды», – деп таратты басқарма.

Экологтар мәліметінше, өндіріс аймағында жарық сөніп қалуына байланысты №1 агрегат жұмысы тоқтаған.
«Акционерлік қоғамға қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындалды. Нәтижелері қосымша хабарланады», – деп хабарлады кәсіпорын.
«ҚазАзот» – Қазақстанда аммиак пен аммиак селитрасын шығаратын жалғыз өндіріс. Кәсіпорын елге тыңайтқыш жеткізеді. Зауыт аумағында аммиак, азот қышқылы, химиялық реагенттер сақтайтын қоймалар орналасқан.