Жаңалықтар

Қытайлар Қазақстанға электр кешендерін салуды үйретеді

Қытай жасыл энергия күн қуаты
фото: shutterstock

Қытайдың PowerChina компаниясы энергетика жобаларын тиімді жүзеге асыруға арналған цифрлы платформасын таныстырды. Энергетика министрлігі мен қытай компаниясы бірлескен зерттеу орталығын құрады. Бұл туралы Қазақстанның энергетика министрлігі хабарлады.

Министрлік басшысы Ерлан Ақкенженов PowerChina Chengdu компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосуда цифрландыру, «ақылды» құрылыс және жасыл энергия көздерін дамыту үшін ынтымақтастық орнату мүмкіндігін талқылады.

«Кездесуде қытай тарапы жел электр кешені (ЖЭК) және энергетикалық құрылыс бағыттарына арналған PowerChina-ның цифрлық шешімдерін ұсынды», – делінген ресми мәліметте.

Цифрлы технологиялар Қытайда және басқа да елдерде жүздеген электр кешенінде қолданылады.

Ақкенженов пен PowerChina өкілдері
фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі мен PowerChina компаниясы 2025 жылғы маусымда ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Құжат бірлескен зерттеу орталығын құруды қарастырады.

«Технологиялар процестерді жеделдетіп, шешім қабылдаудың дәлдігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдер энергетика саласында ғана емес, басқа салаларда да қолданылады», – дейді Ақкенженов.

Естеріңізге сала кетейік, PowerChina қытай компаниясы «Мойнақ» су электр станциясын, «Жаңатас» жел электр станциясын салған. Бұдан бөлек, қытайлар «Хромтау» мен «Арқалық» жел электр станциясын салып жатыр. Оның Қазақстанда бұдан өзге де жобалары бар.