Баспана мен ем үшін зейнетақы қорынан алынған ақша табыстан асып түсті

Жарияланды 26 Қараша 2025 12:50

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Зейнетақы қоры баспана зейнеткер
фото: shutterstock

2025 жылғы қаңтар-қазан айларында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) баспана үшін 531 млрд, ал емделуге 377 млрд теңге алынды. Мәлімет қордың ресми сайтынан алынды.

Зейнетақы қорының басты көрсеткіштері

БЖЗҚ дерегінше, елде шамамен 12,5 млн жеке зейнетақы шоты бар. Соның ішінде міндетті зейнетақы жарналарына қатыстысы – 11 млн 271 мың.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, зейнетақы активінің көлемі 25 трлн 198 млрд теңге болды. Жыл басынан бері қорға 2 трлн 270 млрд теңге зейнетақы жарнасы түсті.

Қаңтар-қазан айларындағы таза инвестициялық кіріс – 1 трлн 778 млрд теңге. Бұл ретте мұндай көрсеткіш биыл ақпан-шілде айларында минусқа кірісіп кеткенін, жағдай одан кейінгі айларда түзелгенін айта кету керек.

Баспана мен емге ақша алу

Қор мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-қазан айларында шамамен 1 трлн 540 млрд теңге бірреттік зейнетақы төлемдеріне аударылды. Ауқымды қаражат тұрғын үй (530 млрд теңге) мен емделуге (377,2 млрд теңге) жұмсалды.

2025 жылдан бері мерзімінен бұрын алынған зейнетақы қаражаты

Жалпы бірреттік зейнетақы төлемдері
₸1 539,97 млрд
Сақтандыру компанияларына аударым
₸314,87 млрд
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға
₸531,07 млрд
Емделуге ақы төлеуге
₸377,23 млрд

Кейінгі екі жылдан астам уақытта бірреттік зейнетақы төлемдерінің көлемі 4 трлн 449 млрд теңгеге, яғни шамамен 8,6 млрд долларға жетті. 2023 жылғы жаздан бері ел азаматтары зейнетақы қорынан тұрғын үй үшін 3 трлн 590 млрд, ал емге 859 млрд теңге шешіп алған. Естеріңізге сала кетейік, үкімет 2023 жылғы 1 шілдеде зейнетақы қорынан баспана мен емделуге ақша алуға рұқсат берген еді.

Осылайша азаматтардың мерзімінен бұрын алған қаржысы БЖЗҚ активтерінің 17,65%-ына жетті.

Салыстыру:
├ Мерзімінен бұрын алу → ₸4,5 трлн
└ 2025 жылдың 10 айындағы инвестициялық табыс → ₸1,78 трлн

Бұдан шығатын қорытынды: халық алған ақша биылғы инвестициялық табыстан 2,5 есе артық.

2026 жылдан бастап зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі өзгереді. Енді зейнетақы жарналарын төлемегендердің банк шоттары бұғатталады. Бұған қоса, жинақты пайдалану мүмкіндігі кеңейтілгелі жатыр. Заң жобасы мақұлданса, азаматтар БЖЗҚ қаржысын ипотека жабу үшін пайдалана алады.

Сондай-ақ оқыңыз