
Образды толықтырып қана қоймай, сізді жеке тұлға ретінде ашып көрсетіп тұру үшін парфюмді қалай таңдау керек? Қазір ароматтың неше түрі бар. Себебі нота, концентрация, маусым, жас ерекшелігіне қарай таңдау көп. Бұрын мұндай ньюанстарға көбі мән бере бермейтін. Ал қазір тренд өзгерген. Қолданып жүрген затыңыз сіз туралы мол ақпарат береді. Олай болса, бүгінгі материалымызда ерлерге арналған парфюм таңдағанда не нәрсеге мән беру керек, өзіңізге үйлесетін ароматты қалай таба аласыз — осы туралы айтайық. Kursiv.Media тілшісі толыққанды гайд дайындады.
Білуіңіз керек басты ақпарат: иіссудың қандай түрлері болады?
Алдымен ароматтың концентрациясын мән беру керек.
Яғни сіз алайын деп тұрған иіссудің исі қанша уақытқа дейін тұратынын біліп алыңыз. Оны анықтау оп-оңай. Барлық ақпарат қаптамада жазылып тұрады.
- Eau de Cologne (EDC) — жеңіл, балғын иіс береді, исі 1-3 сағат тұрады.
- Eau de Toilette (EDT) — әмбебап, исі үстіңізде 3–6 сағатқа сақталады.
- Eau de Parfum (EDP) — қанық, ұзаққа дейін кетпейді, 6–10 сағаттай тұрады.
- Parfum — күн суықта, отырыстарда себуге арналған нұсқа. Исі кетіп болмайды.
Берер кеңесіміз: егер сіз күнделікті қолданысқа алғыңыз келсе, онда Eau de Toilette дұрыс. Ал отырыстарға бөлек бір парфюм алып қоюға болады.
Иіс неден тұрады? Соны түсініп алыңыз
Кез келген парфюмнің исі мынадай үш деңгейден тұрады:
- Жоғары ноталар — алғашқы секундта мұрынға келетін иіс: цитрус, көкшөп, дәмдеуіштер және т.б.
- Ортасы — сепкеннен кейін 10-30 минуттан кейін барып ашыла бастайды. Оларда гүл, ағаш дегендей иістер болады.
- База — теріде сағаттап қалып қоятын иіс: амбра, ваниль, былғары, мускус.
Жасыңызға қарай парфюмді қалай таңдау керек?
18–25 жас аралығында: энергия мен драйв сезіліп тұратын шақ
Жас жігіттерге динамикалық және таза ароматтар жақсы үйлеседі. Мысалы:
- цитрус ноталары бар;
- теңіз тұзы;
- жас ағаштың исі бар;
- жеңіл дәмдеуіштер (зімбір, кардамон).
Неге олай десеңіз: мұндай композициялар адамның бойындағы қуатты көрсетеді. Fresh aquatic, sporty citrus исі бар түрлерін қарап көрсеңіз болады.
25–35 жас аралығында: сенімділік пен стиль қалыптасатын уақыт
Орда бұзар жасқа келгенде, ерлерде стиль қалыптасып үлгереді. Сондықтан бірнеше қабаттан тұратын ароматтардың ішінен өзіне дәл үйлесетінін таба алады.
- Ағаштың исі бар, өткірлеу;
- Амбра;
- Fougère;
- былғары + дәмдеуіштер.
Неге олай десеңіз: бұл иістер «қымбат» болып сезіледі, жұмысқа да, кездесуге де сеуіп баруға келе береді.
35–50 жас аралығында: салмақты, ұстамды кезең
Отыз бен елудің арасындағы ерлерге қанық әрі исі ұзаққа дейін тұратын композициялар жақсы үйлеседі. Мысалы:
- былғары;
- темекі;
- ағаш (кедр, сандал);
- шығыс ноталары — шафран, шайыр, амбра.
Неге олай десеңіз: мұндай ароматтар көбіне кемеліне жеткен, өмірлік тәжірибесі мол, өзіне сенімді адамдарға үйлеседі.
50+: сырбаз әрі бекзат ерлерге
Ғасырдың ортасына келгенде, классика көбірек ұнай бастайды да, басты фаворитке айналады. Сондықтан мынадай композициялар дұрыс:
- шипры;
- ағаш ароматтар;
- емен мүгінің ноталары;
Неге олай десеңіз: жас біразға келген кезде мүк, амбра, шайыр композициялар бар ароматтар теріде керемет ашыла түседі, шлейфі жағымдырақ болады.
Жыл мезгіліне қарай парфюмді қалай таңдаймыз?
Көктем
- Балғын цитрус;
- Гүл ноталары;
- Дәмдеуіштер (кардамон, зімбір).
Негізі көктемде себетін ароматты таңдаған кезде таза әрі жеңіл түрлерін алған жөн.
Жаз
- Теңіз аккордтары бар;
- Лайм, бергамот, грейпфрут;
- Көкшөп ноталары бар;
- Ағаш акценттері бар.
Неге олай десеңіз: күн ысығанда иіс қатты таралады. Сондықтан өте жеңіл композициялар таңдаған дұрыс. Әсіресе, адам көп жерде басқаларға кері әсер етуіңіз мүмкін. Қоғамдық орындарда жүргенде ескеру шарт.
Күз
- Ағаш ароматтар;
- Даршын, бұрыш, қалампыр;
- Былғары мен темекі;
- Жаңғақ ноталары.
Күзде себетін иіссу таңдағанда, жайлы, жылы аккордтарға ден қойыңыз. Терең иістер жақсы үйлеседі.
Қыс
- Шайыр;
- Амбра;
- ваниль;
- Уд;
- Темекі;
- Дәмдеуіштер.
Неге олай десеңіз: қыстың күні тәтті әрі қанық түстер жақсы ашылады. Оларды жазда сепсеңіз, исі мүлдем басқаша шығады. Ал қыста — өзгеше.
Өмір салтыңызға сай келетін парфюм іздесеңіз…
Жұмысқа, ресми ортада
- Балғын;
- Ағаш;
- Көкшөп ноталары бар;
- Жеңіл дәмдеуіштер.
Бастысы аромат тым тәтті болмасын. Әрі исі бүкіл бөлмені алып кетпей болуы керек.
Кездесуге
- Амбра;
- Ваниль + темекі;
- Былғары;
- Исі қанық композициялар.
Мұндай ноталар өте тартымды әрі жылы әсер етеді. Жайлы атмосфера тудырады.
Спортқа
- Цитрус;
- Жалбыз;
- Теңіз ноталары;
- Зімбір.
Мұндай балғын ноталар таза келеді. Энергияңыздан хабар береді.
Отырыстарға, іс-шараларға
- Шығыс иістері;
- Уд;
- Былғары;
- Шайыр.
Осы ноталар образды тереңдетіп, толықтырады. Сізді байыпты, салмақты қылып көрсетеді.
Ароматты сатып аларда қалай сынап көреміз?
Бірден 6-7 ароматты иіскемеңіз.
Негізі бір қарағанда 3-4 иісті көру керек. Содан кейін аздап үзіліс жасаңыз. Әйтпесе, рецепторлар дұрыс сезбей қалады.
Теріге сеуіп көріңіз.
Блоттерлерде (жіңішке қағаздар) ароматтың жоғары ноталары ғана ашылады. Ал теріге сепкенде, әр адамның терісіне қарай әртүрлі болып сезіледі. Сол себепті блоттерге сеуіп көргенде ұнағандарын ғана үстіңізге себіңіз. Иіс толық ашылғанда нақты шешім қабылдайсыз.
Біраз күтіңіз
Иіссудың нағыз исі кемі жарты сағаттан кейін шыға бастайды. Кейбірі тіпті бір сағаттан кейін ғана толықтай ашылады. Алып ұшып ұнады деп ала бермеңіз. Ашылғаннан кейін ұнамай қалуы ғажап емес.
Ауа райына қарай иістер әртүрлі бола береді
Расында бір парфюм болғанымен, күннің ыстығы мен суығында екі түрлі болып сезілуі мүмкін. Оның себебі жоғарыда қысқаша түсіндірген едік.
Қанша сағат тұратынына, шлейфіне мән беріңіз
- Бір сепкеніңіз қанша сағат сақталатынын анықтап алу керек.
- Шлейф дегеніміз — сіз ол жерден кетіп қалсаңыз да, артында қалып қоятын, сіздің соңыңыздан еріп жүретін иіс. Бұған да мән беріңіз.
Сән екен деп ере бермеңіз
Қазір «хит аромат» деп неше түрлі парфюмді ұсына береді. Бірақ басқаға ұнаған һәм үйлескен иіс сізге сәйкеспеу қалуы әбден мүмкін. Себебі терімен жанасқанда иіс әркімде әртүрлі ашылады.
Бәріне бірдей үйлесе беретін әмбебап иістер
Егер біреуге сыйлыққа бергіңіз келсе не бұрын-соңды иіссу алып көрмеген болсаңыз, онда мынадай кеңес береміз:
- Цитрус қосылған ағаш ноталары;
- Балғын fougère;
- Теңіз композициялары;
- Жұмсақ амбра ароматтар.
Бұл нұсқаларды айтқан себебіміз, әмбебап әрі қауіпсіз. Көп стильге үйлесіп кете береді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін әйелдерге арналған парфюмді қалай таңдау керек деген тақырыпта гайд дайындаған едік.