Табиғи сұлулық трендке айналды: сұлулық стандартының бұлай өзгеруіне не себеп

Сұлулық индустриясында қазір өзгеріс өте көп. Әсіресе, стандарттар бұрын қалыптасқан түрінен мүлдем басқа. Олай дейтін себебіміз осыдан бес жылдай уақыт бұрын бетіне бес батпан бояу жағып, ұзын кірпік жабыстыру сән еді. Бүгінде бұл тренд ауысты. Қасты жұлмай, тек тарап, табиғи формасын сақтағанды құп көретіндердің қатары көбейді. Минимум макияж жасайды, әлеуметтік желіге сурет салғанда үстіне маска мен фильтр қоспайды. Агрессив косметикалық процедуралардан бас тартып, оның орнына күтімге көбірек мән береді. Осылайша қыз-келіншектер қазір бояусыз-ақ беті жылтырып, нәрленіп тұрса дейтін болды. Бұл тренд қалай пайда болды? Оны қалыптастырған экономикалық, технологиялық, әлеуметтік және мәдени процестерді талдайық.
Жасандылықтан және инста-фильтрлерден жұрт шаршады
TikTok, Instagram, бьюти-фильтрлер мен AR-маскалар біраз уақытқа дейін мінсіз бейне осындай болуы керек деп белгілі бір стандарттарға «қамап» келді. Соның кесірінен көбі бетіндегі безеу мен дақтан ұялып, оны сол маскалардың астына жасырып бақты. Істің насырға шапқаны сондай қоғам да фильтрмен әрленген түрге үйреніп алып, әлдекім маскасыз суретін салса, сол жазбаның астына түрлі хейт жазатын болып алды. Бірақ біртіндеп бұл түсінік те ысырыла берді. Ақыры жұрт жасандылықтан шаршады. Содан да жаңа трендтің төбесі қылтиып көріне бастады:
- Әлеуметтік желі қолданушылары маскалар мен фильтрлер адамның тұлғасын, ерекшелігін, өзіне тән түр-сипатын жоқ қылып жатқанын байқады;
- Содан барынша шынайы көрініске сұраныс артты. Мысалы желілерге фото-видеоны #nofilter, #realme, #acnepositivity деген сынды хештегтермен жариялайтындар көбейген. Бір қызығы, сол посттардың қаралымы әжептәуір көп. Демек, қолданушы өзі де шынайы болуға тырысады. Оқырман да соны сұрайды;
- Бұл трендті қазір «сырт келбеттің дижитал детокс дәуірі» дейтін болған.
Бұрын образын мінсіз қылып көрсетуге тырысып бағатын, фотошопсыз сурет салмайтын Influencer-модельдер де қазір өзін макияжсыз көрсетуге қысылмайды. Оған қоса терісінің жағдайы қандай екенін ашық салып, бетіне әжім шықса, оны да ұялмай көрсетеді. Инфлюенсерлер тарапынан осындай қадам көбейген сайын қоғамға да ноу-мейкап тренд тезірек сіңеді. Себебі блогерлер —түсінік пен сана қалыптастыруға бірден-бір ықпал ететін адамдар.
Декоратив косметикадан гөрі күтімге арналған заттар өтімдірек
Жаһандық бьюти-есептерге қарасақ, (L’Oréal Consumer Report, 2024) қазір декоратив косметика нарығы емес, күтімге керек заттар нарығы жылдамырақ алға жылжып жатыр екен. Нақты сандерекке орын берсек, күтім косметикасының нарығы жылына +12 пайызға өссе, декоратив косметикадағы қарқын бар болғаны +4 пайыз екен. Демек, табиғи сұлулықтың трендке айналып келе жатқанына бұл бірден-бір дәлел бола алады деген сөз.
- Қазір адамдар терісінің сау болғанын қалайды. Бет-әлпетінің маскамен жасыра салатындай, онлайнда мінсіз болып көрінгенімен, шын өмірде проблемасы көп болғанын ұнатпайды;
- Дерматологиялық брендтерге деген сұраныс артып келеді. Сол арқылы өзінде қандай мәселе болса, соны барынша емдеуге, шешуге тырысады. Оған қоса минимализм формулалар, құрамы өте жеңіл, түсінікті өнімдер тренд болып жатыр;
- Кейінгі жылдардағы бестселлер ретінде құрамында церамид, пептид, ферменттері бар өнімдер, күннен қорғайтын кремдерді айта аламыз. Қазір екінің бірі осы өнімдерді қолданады.
Бұдан қандай қорытынды шығара аламыз? Қазір, демек, экономика осы трендті өзі қолдап отыр. Яғни брендтерге 20 хайлайтерден тұратын коллекция жасағаннан гөрі «смарт» формулалар шығарған әлдеқайда тиімді һәм өтімді.
Ұрпақ ауысты: қазіргі Gen Z ұстанымдары басқаша
Қазір Z ұрпақтардың сұлулық стандарттары алдыңғы буыннан өзгеше. Олардың құндылығына тоқталсақ, мына дүниелерді айрықша бағалайды:
- Адалдық;
- Ашықтық;
- Экологиялық тазалық;
- Ерекшелік.
Мысалы, clean girl aesthetic (терінің таза болуы, шашты бұйралап әуре болмай буа салу, мейк-апты өте аз жасау), latte makeup (жылы реңктерді пайдалану) сынды трендтерді, фулл-глам образдардан бас тартуды бастаған да осы — Z ұрпақ. Яғни бұл буынның өкілдері бірінші кезекте өзіне берілген табиғи түр-әлпетін толықтай қабылдайды. Инкубатор секілді бір-бірінен аумай жүргісі келмейді. Фильтрдің дәурені жүріп тұрғанда қыздарды ажырату қиын еді. Себебі фул мейк-ап жасағанда, құдды бәрі егіз секілді көрінетін. Қанша жерден технологиямен «кіндігі ажырамай» өскен ұрпақ десек те, табиғи сұлулықты тренд қылған Z ұрпақ болып отыр.
Қазір «денсаулық — зор байлық» дегенді шынында түсінген заман
Пандемиядан кейін көпшілік денсаулықтың қадірін шын түсінді. Сондықтан өзін күтіп, тәніне, терісіне көңіл бөлетін болған. Атап айтқанда:
- Денсаулыққа молырақ инвестиция құяды;
- Әсері ұзаққа дейін жететін процедуралар таңдауға тырысады;
- Агрессив процедураларды азырақ жасайды. Мысалы қуатты филлердерге сұраныс кейінгі жылдары 15 пайызға азайып, жұмсақ бустерлерді таңдайтындар үлесі 30 пайызға артқан.
Қазір операциядан гөрі мынадай процедураларды сұраныс көп:
- биоревитализация;
- Интенсивтігі төмен лазер процедуралар;
- Күтім жасайтын ритуалдар.
Фэшн және медиа әлемі де фотошоптан бас тартып жатыр
Сән журналдары, брендтер қазір осы трендті қолдайды. Яғни бұрын бастан-аяқ фотошоп жасап, жылтыратуға құмар болса, қазір түсінік өзгерген.
- Vogue, Elle, Harper’s Bazaar еш ретуш жасалмаған суреттерді мұқабаға қоятын болған;
- Dove, Glossier сияқты брендтер модельдер емес, қарапайым әйелдерді кампанияға қатыстырады;
- Luxury-сегментте терісі табиғи, дақтары мен әжімдері бар модельдер шығару қалыпты жағдайға айналып келеді.
Экологиялық түсінік өзгерген
Табиғилықтың не екенін енді-енді түсініп келе жатырмыз. Сондықтан осы ретте экологиялық тұрғыдан да барынша саналы шешім қабылдауға тырысу сән болып келеді. Қазір адамдар өнімнің құрамын жақсылап қарайды, қаптамасының биоыдырайтынына мән береді, жануарларға сынақ жасалмайтынын таңдайды. Сонымен бірге күтімге минимум өнім пайдаланған да — эко санаға байланысты.
Психология: мінсіз болуға ұмтылмай, өзіңді қабылдау керек
Психологтардың зерттеуіне қарасақ, адам өзін басқамен салыстырып, мінсіздікке ұмтыла берген сайын бойында мазасыздық көбейеді. Одан барып бұл нәрсе депрессияға ұласады. Міне, қазір соған байланысты мынадай қозғалыстар пайда болды:
- body neutrality — «маған тәнім толық ұнамауы мүмкін. Бірақ сол кемшілікті қабылдаймын»;
- skin neutrality — «бетте безеу болса, тегіс болмаса, дақ болса — онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл кәдімгі физиолошия ғана».
Осы сынды қозғалыстардың әсерінен көпшілік өзін кем санап, қысылып жүретін психологиялық қысым біртіндеп азайып жатыр. Адамдар өзіндегі кем-кетікті қабылдауды үйреніп келеді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін күн суықта бетке қалай күтім жасау керегі туралы жазған едік.