Медицина қызметкеріне шабуыл жасағандар 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі

Мәжіліс депутаттары дәрігерлерге шабуыл жасағаны үшін жазаны күшейтетін заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады.

Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, соңғы 5 жылда дәрігерлерге 280 шабуыл тіркелген.

«Бұл – айсбергтің тек ұшы ғана. Шынайы санды кемінде 10-ға көбейтуге болады. Көптеген медицина қызметкері арыз жазбайды, өйткені олардың қорғау табатынына сенімдері жоқ, бұған қоса тергеуге уақыт жоғалтқысы келмейді», – деді депутат.

Ол заңнамаға түзетулер енгізудің қажеттілігін нақты мысалмен түсіндірді:

«Қостанай қаласында тәжірибелі уролог дәрігер қабылдау жүргізіп жатқанда, күтпеген жерден жанжал шығып, оған шабуыл жасалады. Салдары өте ауыр: дәрігердің бас сүйегі сынып, миына гематома жиналып, ауыр жарақат алады. Ол кемінде төрт ай жұмысқа шыға алмайды. Бір қарағанда, тек бір адам зардап шеккендей көрінеді. Бірақ сандарға назар аударайық: осы төрт ай ішінде ол дәрігер 960 науқасты емдей алар еді. Бұл – шамамен мыңға жуық қазақстандық дер кезінде білікті көмек ала алмады деген сөз. Кімнің ауруы асқынды, кімге операция жасалмады – бәрі белгісіз. Яғни бір дәрігерге шабуыл жасау – мыңдаған азаматты емсіз қалдырумен тең», – деді Аймағамбетов.

Осыған байланысты медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдарға жазаны күшейту ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізу көзделген.

Заң жобасында мынадай құқықтық нормалар қарастырылған:

  • медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты күш қолдану мен қатыгездік көрсету үшін жазаны қатаңдату. Бұл үшін ҚР Қылмыстық кодексіне арнайы құқық бұзушылық объектісі ретінде жаңа бап енгізіледі;
  • ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеу мен анықтау жүргізу өкілеттігін ішкі істер органдарына бекіту.

«Қазіргі қолданыстағы норма бойынша, жеңіл зиян келтіру немесе денеге жеңіл зақым тигізу үшін ӘҚБтК шеңберінде 25 немесе 50 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Ал айыппұл мөлшері шамамен 200 АЕК (2025 жылы – 786 400 теңге). Енді субъект ретінде медицина қызметкері – бұл дәрігер, медбике, санитар немесе тіпті жедел жәрдем жүргізушісі саналатын болса, оларға қатысты осындай құқықбұзушылықтар орын алса, жаза ретінде 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 1000 АЕК-ке дейін (2025 жылы – 3,9 млн теңге) айыппұл немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту қарастырылып отыр», – деді депутат.

Мәжілісмен енді медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдар үшін жаза қатаңдайтынын айтады.

«12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бір жағынан, бұл – қатаң, бірақ менің ойымша, әділ өзгерістер. Олар дәрігерлерімізді қорғауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде көп дәрігердің қабылдау бөлімінде жұмыс істеуден қорқатынын көріп отырмыз», – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске салайық биыл шілдеде Қостанайда операциядан шыққан хирургке қабылдау бөлмесінде пациент шабуылдаған болатын. Салдарынан 34 жастағы дәрігер Антон Кистанов есінен танып, жансақтау бөліміне түскен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз