Электромобильдерге жеңілдік режимі тағы бір жылға ұзаруы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media

Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдеріне электромобильдерді кедендік бажсыз әкелу квотасын 2026 жылдың соңына дейін ұзарту туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

Ол 2024 және 2025 жылдарға электромобильдерді әкелуге 15 мың бірлік көлемінде тарифтік жеңілдік белгіленгенін еске салды. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі бұл квотаны 2026 жылдың соңына дейін ұзарту туралы қаулы жобасын талқылауда.

«Аталған жоба 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 8703 80 000 3 және 8703 80 000 5 кодтарымен жіктелетін жекелеген электр қозғалтқыштары бар моторлы көлік құралдарын әкелу кезінде кедендік әкелу бажынан босату түріндегі тарифтік жеңілдік беруді көздейді», – делінген Премьер-министр жауабында.

Үкімет басшысы соңғы шешімді Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне мүше мемлекеттер бірлесіп қабылдайтынын айтады.

Айта кетейік, Қазақстанға жеке тұлғалар үшін жеңілдетілген квота арқылы әкелінген 11 мың электромобиль басқа елдерге қайта сатылған. Осының салдарынан бюджет шығыны 30 млрд теңгеден асты. Қазан айының соңында Қазақстан электромобильдерді әкелуге бөлінген 15 мың бірліктен тұратын квотаны толық пайдаланған болатын.

Бұл мәселені осыған дейін «Ақ жол» партиясының депутаттары көтерген болатын. Олар электромобильдерге жеңілдік режимін тағы 3 жылға ұзартуды сұраған. Олар бұл шара автопаркті жаңартуға және зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді деп санайды. 

Сондай-ақ оқыңыз