
Алматы қалалық соты Қаңтар оқиғаларына байланысты қаралған жабық сот отырысының аяқталғанын хабарлады. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот 29 айыпталушыға үкім шығарды деп жазады Қазақпарат.
Олар ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылды, оның ішінде:
- 262-бап, 2-бөлім – ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу;
- 268-бап, 2-бөлім – қарашылық;
- 272-бап, 2-бөлім – жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу;
- 125-бап, 3-бөлім – адам ұрлау;
- 126-бап, 3-бөлім – заңсыз бас бостандығынан айыру;
- 200-бап, 3-бөлім – автомобильді немесе өзге көлік құралын заңсыз иелену;
- 287-бап, 4 және 5-бөлімдер – қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу немесе алып жүру.
Сот үкімі бойынша айыпталушыларға 3 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі адам жазасын іс жүзінде өтеп болғаны үшін босатылған.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Алматы соты айыпталушылар туралы мәлімет беруден бас тартты. Оны ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 29-бабы яғни мемлекеттік құпияны және өзге де заңмен қорғалатын ақпаратты жарияламау мақсатында деп түсіндірді.
Қаңтар оқиғасы кезінде «бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстаған» деген айыппен ұсталғандардың бірі «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев еді. Алматы соты оны 20 жылға бас бостандығынан айырды. Жақында ол апелляциялық сотқа шағым түсірді, бірақ үкім өзгеріссіз қалды.