
2026 жылы халықаралық прокатқа жол тартатын «Ауру» фильмі алдағы бір жыл ішінде онлайн-сервис платформаларында, стримингтік алаңдарда, Google немесе YouTube-та жарияланбайды. Бұл шешім картинаның халықаралық нарықтағы көрсетіліміне әсер етпеу мақсатында қабылданған.
13 қарашада қазақстандық кинопрокатқа шыққан фильм қысқа уақытта үлкен қызығушылық тудырды. Премьераның алғашқы аптасында картина 517 млн теңге жинап, бокс-офисте сенсация жасаған. Екінші аптадағы табысы да жоғары деңгейде қалып, фильм шамамен 244 млн теңге қаржы түсірді.
Фильм сюжеті – «онкологиямен ауырамыз» деп халықтан өтірік ақша жинаған ерлі-зайыптының оқиғасына негізделген. Бұған дейін жарық көрген трейлері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшілік көрермен премьераны асыға күткен еді.
Дегенмен дәл көрсетілім күні фильм режиссері Айтөре Жолдасқали картинаның цензураға ұшырағанын хабарлады. Оның айтуынша, фильм белгілі бір шектеулермен ғана прокатқа жіберіліп, тек түнгі 22:00-ден кейін көрсетіледі.