Жаңалықтар

Beeline мен Tele2 тарифтердің қымбаттайтынын хабарлады

Beeline мен Tele2 клиенттеріне тарифтік жоспарлар құны қайта қаралатыны туралы ескерту жасады / фото: KursivMedia мұрағаты
Beeline мен Tele2 клиенттеріне тарифтік жоспарлар құны қайта қаралатыны туралы ескерту жасады / фото: KursivMedia мұрағаты

2025 жылдың 25 желтоқсанынан бастап ірі мобильді операторлар Beeline мен Tele2 тарифтердің құнын кезең-кезеңмен көтермек.

Сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің көлемін өзгерте бастайды.

Екі өзгеріс

BES.media ақпаратына қарағанда, Beeline мен Tele2 клиенттеріне тарифтік жоспарлар құны қайта қаралатыны туралы ескерту жасады. Алғашқы өзгерістер 2025 жылдың 25 желтоқсанында күшіне енеді. Ал архивтік тарифтер бойынша екінші түзету толқыны 2026 жылдың 15 қаңтарына жоспарланған.

Операторлар абоненттік төлемнің қымбаттауын «мәжбүрлі шара» деп атап, бұл қадам инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет екенін айтады.

Бұған дейін Altel де тарифтерін көтерген еді – компания ең танымал қызмет пакеттерінің бірінің бағасын шамамен 100%-ға қымбаттатты.

Неге тарифтер қымбаттап жатыр?

Операторлар бірнеше себепті алға тартады.

Олар: операциялық шығындардың және инфрақұрылымға салынатын инвестициялардың өсуі; 4G және 5G желілерін қызмет көрсету және жаңғырту; салық заңнамасындағы өзгерістер; жүктеменің артуына байланысты байланыс сапасы мен сервистерді қолдау қажеттілігі.

Клиенттерді қандай өзгерістер күтеді?

Tele2 тарифтердің нақты қаншаға өзгеретінін әлі жариялаған жоқ. Алайда хабарламаларға сәйкес, тарифтер орта есеппен 1000 теңгеге өседі. Яғни, 5 490 теңгеден 6 490 теңгеге дейін.

«Абоненттік төлемнің өзгеруі сервистердің тұрақтылығын әрі қарай қамтамасыз етуге және одан да сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз кейбір тарифтік жоспарларда қосымша ресурстар ұсынамыз, сондай-ақ QINO қызметін – 2026 жылдың 31 қаңтарына дейін 80 арнаға және Megogo, PlanB, Tvigle онлайн-кинотеатрларына тегін қолжетімділікті ұсынамыз», – делінген Tele2 хабарламасында.

Тарифтердің жаңа атауы

Beeline болса, 2026 жылдың 15 қаңтарынан бастап бірқатар қолданыстағы тарифтік жоспарлар бойынша абоненттік төлемді көтереді. Қымбаттау Beeline-ның архивтік және қазіргі тарифтеріне әсер етеді. Абоненттік төлем өзгеріп, кейбір тарифтер жаңа атау мен кеңейтілген мазмұнға ие болады.

Мысалы, «Интернет дома» тарифінде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап абоненттік төлем айына 8 490 теңгеден 11 249 теңгеге дейін көтеріледі.

Ал қазақстандықтар ұялы байланыс тарифінің өсуіне шағымданып жатыр.