
Сенатор Серік Шайдаров депутаттық сауалында «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмыстарының қатты кешігіп жатқанын мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, бұл жоба жас облыс – Ұлытаудың дамуына серпін беруі тиіс еді, алайда нақты орындалу қарқыны жоспарланған көрсеткіштен айтарлықтай төмен.
«Президенттің өзі бұл жұмыстың қарқының сынға алып, автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың дамуына тың серпін беруі керек деп атап өткен болатын. Биыл жұмыстар облыс шекарасымен Жезқазған қаласына дейін басталып, алайда жұмыс кестесінен де айтарлықтай артта қалды», – деді сенатор.
Ерекше алаңдаушылық туғызғаны – ұзындығы 208 шақырым болатын учаске. Мұнда жұмыс көлемі де, қаржыландыру да жоспарға сай емес. Бірқатар лотта қаржы игеру деңгейі өте төмен, асфальт-бетон зауыттары жоқ, техника мен материалдар жетіспейді. Кейбір учаскелерде негізгі жұмыстар мүлде басталмаған, бұл жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды мүмкін емес етеді.
«Мұндай қарқынмен 2025 жылы жоспардың орындалуы мүмкін емес. 2025 жылы жасай алмаған жұмыстардың барлығы 2026 жылға ауысатыны айдан анық. 2 есе ұлғайған жұмыс көлемі «Қарағанды–Балқаш» автожолы сияқты жылдар бойы ұзаққа созылып кету қаупі жоқ па деген сұрақ халықты да, облыстық мәслихат депутаттарын да, бізді де алаңдатып отыр», – деді сенатор.
Серік Шайдаров министрлік пен мердігер ұйымдар арасындағы үйлестіруді күшейту, ал жұмыс барысына бақылауды қатаңдату қажеттігін айтты. Сондай-ақ ол Премьер-министрді жағдаймен тікелей танысып, жобаны жеке бақылауына алуға шақырды.
Айта кетейік, бұдан бұрын осы уақытқа дейін мардымды жөндеу көрмей келген республикалық маңызға ие Қарағанды – Қарқаралы тасжолының орташа жөндеу жұмыстары аяқталғанын жазған едік.