Жаңалықтар

Гонконгтағы өрттен қайтыс болғандар саны 55-ке жетті, 300 адам жоғалды

Гонгонк өрт
Гонгонк өрт

Гонконгтағы Wang Fuk Court тұрғын кешеніндегі өрт салдарынан қаза тапқандар саны 55 адамға жетті, тағы шамамен 300 адам із-түзсіз жоғалған. Бұл туралы BBC хабарлады.

Төрт корпустағы өрт толық сөндіріліп, тағы үш корпус өрттен оқшауланды. Құтқарушылар жоғары қабаттарға көтеріліп, адамдарды іздестіріп жатыр. Ондаған зардап шеккендердің жағдайы өте ауыр күйінде қалып отыр.

Полиция тұрғын кешеннің жөндеу жұмыстарын жүргізген қызмет көрсетуші компанияда тінту жүргізді. Тергеу мәліметінше, мердігер өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған болуы мүмкін. Ғимарат қасбеттерінен жанғыш материалдар мен терезелерге арналған поролон толтырғыштар табылған. Дәл осы материалдар оттың тез таралуына әсер еткен.

Бұған дейін полиция құрылыс компаниясының үш қызметкерін ұстағаны хабарланған. Олардың арасында екі директор және инженер-кеңесші бар.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қаза тапқандар санын азайту үшін барлық қолда бар күшті жұмылдыруды тапсырды.

Аталған тұрғын кешен 1983 жылы салынған.  Кешенде шамамен 4000 адам тұратын 1900-ге жуық пәтер бар. Өртке дейін ол Гонконгтың солтүстігіндегі Тай По ауданындағы ең үлкен тұрғын массивтердің бірі саналған. Бұл аймақта шамамен 300 мың адам тұрады.