
Елде 207 мыңнан аса адам арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Бұл ел алдындағы айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек ретінде беріледі. Оған ай сайын республикалық бюджеттен 22,3 млрд теңге төленеді.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақыны кімдер алады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 17 санаттағы азаматтар осы жәрдемақыны алуға құқылы.
- Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен басқа мемлекет аумағында өткен әскери іс-қимылға қатысқан ардагерлер;
- Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
- Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің әйелі мен қаза тапқан әскери қызметкердің отбасы мүшелері;
- «Халық қаһарманы», «Қазақстанның еңбек ері» атақтарына ие болғандар;
- тыл еңбеккерлері;
- Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар;
- саяси репрессиялардың құрбандары, мүгедектігі бар адамдар немесе зейнеткерлер;
- Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалғандар және басқа да азаматтар.
8 375 теңгеден 545 мың теңгеге дейін
Жәрдемақы мөлшері оны алатын адамның қай санатқа кіретініне байланысты 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгереді. Бұл 8 375 теңгеден 545 мың теңгеге дейінгі сомаға тең.
Бір адам бірнеше санатқа кірсе, жәрдемақы тек бір санат бойынша төленеді. Оны азамат өзі таңдайды.
Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқтар да ҚР азаматтарымен тең дәрежеде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
Жәрдемақы алу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында беруге болады.
Айта кетейік, 2026 жылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге тең болады.