
Талдықорған сотында 32 жастағы Айзат Жұманова қандай жағдайда қайтыс болғаны айтылды.
Тергеу дерегінше, ерлі-зайыпты Айбар Жанболат (сотталушы) пен Айзат Жұманова (марқұм) бір-бірінің телефонын сындырып тастап, 15 күн телефонсыз жүрген. Осы аралықта екеуі бір-бірімен сөйлеспеген.
«2025 жылдың 21 маусымы сағат 05:00 шамасында Айбар Жанболат тауға атпен мал бағуға кетіп, 16:30 шамасында үйіне келген. Сол кезде Жұманованың табалдырықта біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп, кіммен әңгімелескенін сұраған. Жұманова жауап бермей, үйге кіріп кеткен. Ашуланған Айбар Жанболат мотоциклге отырып, Суықсай ауылындағы дүкенге барып, 7-8 бөтелке сыра сатып алған. Жол бойы сатып алған сыраны ішкен. Үйге келген соң Жұманованың белгісіз біреумен телефон арқылы сөйлесіп жүргені есіне түсіп, қызғаныш сезімі оянып, әйелін өлтіруді ойлаған», – деді прокурор Нұрлан Билібеков.
Сотталушы Айбар Жанболат 22 маусымда мас болып, әйелі Жұманованы өлтіруді ойлап, оны далаға шығарып, ұрып-соққан. Сол кезде Жұманова айғайлап, ұрмауын өтінген. Күйеуі әрекетін тоқтатпай, әйелдің басынан ұрып, оны есінен тандырып тастаған.
«Әйелінің ес-түссіз жатқанына, тірі екенін көрсететін әрекет жасамағанына қарамастан, адам өлтіру ниетін жүзеге асыру мақсатында ұрып, тебе берген. Айбар Жанболат жедел жәрдем шақырмай, қылмысын жасыру мақсатында әйелді облыстық ауруханаға жеткізген. Жұманова жансақтау бөлімінде көз жұмған», – деді прокурор.
Қайғылы жағдай Баласаз ауылында болды. Бастапқыда Айзат Жұманованы күйеуі атпен сүйреп өлтіргені айтылды. Оқиғаны бәрі ерлі-зайыптының екіге толмаған қызының көзінше болған.