Жаңалықтар

«Қылмыс ізін жасырмақ болды»: марқұм Айзат Жұманованың күйеуі қалай әрекет еткен

Алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр/фотоны марқұмның туыстары ұсынды

Жетісу облысында қайтыс болған 32 жастағы Айзат Жұманованың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды.

Қылмыстық іс Талдықорған қаласындағы сотта қаралып жатыр.

Істегі сотталушы – марқұмның күйеуі Айбар Жанболат. Бұрын Жетісу облысы Талдықорған қаласы Өтенай ауылдық округі әкімі аппаратында маман болып жұмыс істеген.

Процесс барысында сотталушының адвокаты сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсы екенін айтты. Істі қарап жатқан судья Әділет Бақытов өтінішті қанағаттандырмады.

8 бөтелке сыра ішкен

Айыптау актісіне сәйкес, Айбар Жанболат жұбайы Айзат Жұманованың белгісіз біреумен сөйлескенін көріп, телефонын тексермек болған. Алайда Жұманова күйеуіне қарсылық көрсеткен. Қайратұлы сол күні кешке 8 бөтелке сыра ішіп, мас күйде әйелін соққыға жыққан. Жұманованың денесіндегі жарақаттарға қарамастан, бұл әрекетін жалғастыра берген.

Артынша қылмыстың ізін жасыру үшін жұбайын облыстық ауруханаға алып барған. Жұманова жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Айта кетейік, қайғылы жағдай 2025 жылдың маусымында Баласаз ауылында болды. Бастапқыда Айзат Жұманованы күйеуі атпен сүйреп өлтіргені айтылды. Оқиғаны бәрі ерлі-зайыптының екіге толмаған қызының көзінше болған.

Басты сот отырысы 5 желтоқсанда өтеді.