Үш жастағы қыз стоматологияда қайтыс болды: істі Ресей консулдығы бақылап отыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 30 қазанында болған/фото: shutterstock

Астана сотында жеке стоматологияда қайтыс болған үш жастағы қыздың өліміне қатысты іс жалғасып жатыр. Жеке стоматологияның анестезиологы сотталушы ретінде танылған.

Істің мән-жайы

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 30 қазанында болған. Мамандар үш жастағы қызға наркоз салып, тісін емдеген. Алайда қыз оянбай қалған. Әкесінің сөзінше, емдеу жоспарланған үш сағаттың орнына 3,5 сағатқа созылған.

Анестезиолог Аида Жумагалиеваға қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Бұл бапта медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы абайсызда адам өліміне әкеп соққан жағдай көрсетілген.

Сотталушы – Ресей азаматы

2025 жылдың 27 қарашасындағы сот отырысында сотталушының адвокаты анестезиолог Аида Жумагалиева Ресей азаматы екенін айтып, Ресейдің Қазақстандағы консулдығының өкілін сотқа қатыстыруды сұрады.

«Қорғауымдағы сотталушының Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар, ал Ресей Конституциясына сәйкес, мемлекет өз азаматтарына қорғау мен қамқорлық көрсетуді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты сот отырысына Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы консулдығының өкілі Корнеев Игорь Геннадьевичті қатыстыру туралы өтініш білдіріп отырмыз», – деді адвокат.

Адвокат консулдық өкілінің іске тек қашықтан бақылаушы ретінде қатысатынын айтты. Істі қарап жатқан судья сот отырысы ашық өтіп жатқанын айтып, қарсылық білдірмеді.

Айта кетейік, сотта стоматология ішінде болған оқиғаның видеосы көрсетіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз