Жаңалықтар

Маңғыстауда адам тасып, ақша таппақ болған таксист сотқа тартылды

Тексеру кезінде оның ИП ретінде тіркелмегені және такси қызметіне ресми рұқсаты жоқ екені анықталды / фото: KursivMedia мұрағаты
Тексеру кезінде оның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені және такси қызметіне ресми рұқсаты жоқ екені анықталды / фото: KursivMedia мұрағаты

Ақтауда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, ақылы жолаушы тасымалдаған жүргізуші әкімшілік сотқа тартылды.

Lada.kz ақпаратына қарағанда, 9 қараша күні сағат 16:45 шамасында 25-шағын ауданда Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі ақылы түрде жолаушы тасымалдаған. Тексеру кезінде оның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені және такси қызметіне ресми рұқсаты жоқ екені анықталды.

Сотта ер адам кінәсін мойындап, тұрақты жұмысы жоқ екенін, жалдамалы пәтерде тұратынын және күн сайын 10 000 теңгеге көлік жалдап, күнкөріс үшін жұмыс істейтінін айтты. Сондай-ақ айыппұл төлей алмайтынын жеткізді.

Сот құқықбұзушылықтың сипатын, қоғамға зиян келтірілмегенін, оның материалдық жағдайын және істің шағын мәнін ескерді.

ҚКоАП-тың 64-1-бабы бойынша жүргізуші кінәлі деп танылып, бірақ жауапкершіліктен босатылды. Оған тек ауызша ескерту жасалды. Іс жүргізу тоқтатылды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Жақында Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа арнайы салық режимін қолдануға болатын қызмет түрлерінің тізімін бекітті. Онда такси қызметі де бар.