
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астана – Алматы бағытындағы әуе рейсінде есінен танып қалған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бұл туралы Threads желісінің пайдаланушысы хабарлап, жазбасына бейнежазба да тіркеген.
Әуе кемесі ұшу жолағына бет алған сәтте салоннан айқайлаған дауыс естілді. Бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, жедел дәрігерлік көмек қажет болған.
«Көзім ілініп бара жатқанда кенеттен салоннан дүрліккен дауыс шықты: «Стюардесса! Қыздың жағдайы нашарлап кетті. Дәрігер керек!» деп айқайлады», – деп жазды Threads қолданушысы.
Дәл сол сәтте жолаушылар арасынан әйел орнынан тұрып, бойжеткенге жақындап, есін жинату шараларын жүргізген. Қан қысымын өлшеп, көрсеткіштің жоғары екенін анықтағаннан кейін, алғашқы медициналық көмекті жалғастырған. Борт серіктестері майлық, су, пакет әкеліп, қызды тыныштандыруға жағдай жасады.
Белгісіз дәрігердің кім екені кейіннен анықталды.
«Стюардесса көмек көрсетіп жатқан әйелден: «Сіз дәрігерсіз бе, әлде бірге ұшып келе жатқан адамсыз ба?» деп сұрады.
Министр жай ғана «мен дәрігермін» деп жауап беріп, көмектесуін жалғастыра берді. Қызға дәрі, су, шай беріп, жағдайы жақсарғаннан кейін ғана ұшуды жалғастыруға рұқсат етті. Кейін біз оның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова екенін білдік», – деп жазады желі қолданушысы.
Жолаушының жағдайы тұрақталған соң рейс жоспар бойынша ұшты.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде талқыланып, көпшілік министрдің жағдайды байыппен бағалап, кәсіби көмек көрсеткеніне ризашылық білдіріп пікірлерін жазып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың киім үлгісі сынға қалған еді.