
Қорғаныс министрінің тәрбие істері жөніндегі орынбасары Серік Боранбаев Жамбыл облысында трюк көрсету кезінде бір көзінен айырылған әскери қызметкерге өтемақы төленетінін әрі ол жігіт армияда қызметін жалғастыратынын айтты.
Боранбаевтан әскери қызметкердің оқиғасы жөнінде журналистер Мәжіліс кулуарында сұрады.
«Біріншіден, өкінішке қарай сондай жағдай болды. Ант қабылдау кезінде арнайы жасақ ант қабылдаушылардың ата-аналарының алдында өз дағдысын көрсетпек болған. Сол кезде қауіпсіздік техникасын сақтамағандықтан, келісімшарт бойынша қызметкер жарақат алды. Оны бірден ауруханаға жеткізген. Кейін офтольмалогиялық орталыққа жеткізген. Оның бір көзі көрмей қалған. Соған қарамастан шешім қабылданды: ол Қарулы күштерде қызмет ете береді: оған тиісті көмек беріледі», – деді ол.
Боранбаев осы оқиға бойынша қызметтік тексеру басталғанын айтады. Жағдайды Қорғаныс министрінің өзі бақылауға алған.
«Бұл шоу емес. Дағдыны, әскери даярлықты көрсетудің бір амалы. Шыны болсын, темір болсын – кез келген әскери қызметкердің жұмысы қауіппен байланысты. Экстремалды жағдайда әскери қызметкер бәріне дайын болуы үшін бейбіт заманда осылай дайындалады», – дейді ол.
Серік Боранбаев жарақат алған әскери қызметкерге өтемақы төленетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында әскери ант қабылдау рәсімі қайғылы жағдайға апарып соққан еді. 24 жастағы келісімшартпен қызмет етіп жүрген Жақсылық Молдақұл салтанатты іс-шара кезінде бір көзінен айырылған.
Әскери бөлім басшылығы ант қабылдауды ерекше өткізгісі келген сыңайлы. Сол күні сарбаздарға «көрсетілім» ұйымдастырылып, оларды от ішінен жүгіруге, күш сынасуға, тіпті бөтелке сындыруға қатыстырған. Жақсылық сол тапсырмалардың біріне тартылған. Кезекті трюк кезінде бөтелке жарылып, сынық тура оның бетіне тиген. Сол сәтте жігіт теңселіп, айналаны көрмей қалған. Ауруханаға жеткізген дәрігерлер көзінің қатты зақымданғанын айтып, бірден тігуге кіріскен.