Су тапшы, тәуекел көп: Қазақстан денсаулықты қорғауға бағытталған заңды қабылдады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото:kursiv.media мұрағаты

Сенат отырысында Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір халықаралық құжат мақұлданды.

Жоғарғы палата «1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Бұл хаттама алғаш 1999 жылғы 17 маусымда Лондонда қабылданған. Негізгі мақсаты – су ресурстарын тұрақты әрі қауіпсіз басқару арқылы халықтың денсаулығын қорғау, сондай-ақ сумен байланысты аурулардың таралуын болдырмау және шектеу.

Сенатор Арман Өтеғұлов Қазақстан үшін бұл хаттаманың маңызы ерекше деп атап өтеді.

«Қазақстан – бүгінде су ресурстарының тапшылығы мен климаттық өзгерістердің әсерін қатты сезіп отырған елдердің бірі. Бұл мәселені шешу тек инфрақұрылымды жаңартумен шектелмейді. Су сапасы, санитария, халық денсаулығы, трансшекаралық ынтымақтастық – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақстанның тұщы су ресурстарының шамамен жартысы шекарадан тыс қалыптасады. Сол себепті Орталық Азиядағы суға тәуелді мемлекеттердің біріміз», – деді ол.

Оның айтуынша, ДДСҰ деректері де бұл қауіптің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді:

«Судың сапасы нашар болса, 35-тен астам инфекциялық ауру таралуы мүмкін. Сондықтан біз су мәселесін тек ресурстық міндет емес, денсаулық, әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастыққа әсер ететін кешенді саясат ретінде қарастыруымыз керек», – дейді сенатор.

Өтеғұловтың сөзінше, жаңа Су кодексі – алға жасалған маңызды қадам. Дегенмен, халықаралық стандарттарды енгізбей, толық нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Қабылданған жаңа Су кодексі маңызды реформаларды бастаған. Бірақ, бұл жеткіліксіз.

«Су сапасы мен санитарияны халықаралық стандарттармен бекіту қажет. Міне, дәл осы жерде Су және денсаулық проблемалары туралы хаттама шешуші рөл атқарады. 1999 жылы Лондонда қабылданған Хаттама – әлемде су және денсаулық мәселелерін біріктіретін бірегей халықаралық келісім», – деді депутат.

Халықаралық құжатты ратификациялау Қазақстанға бірнеше бағыт бойынша нақты міндеттемелер жүктейді:

– сумен жабдықтау, санитария, гигиена және денсаулық сақтау бойынша нақты нысаналы көрсеткіштер енгізу;
– сумен байланысты ауруларды ерте анықтап, алдын алу жүйесін дамыту;
– төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету жоспарын жетілдіру;
– санитариялық талаптарға сай сумен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімдікті күшейту;
– жұртшылықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын арттыру;
– су ресурстарын қорғау және санитария саласында халықаралық ынтымақтастықты тереңдету.

Хаттама әсіресе трансшекаралық өзендерге тәуелді Қазақстан үшін маңызды. Ратификация суды әділетті, қауіпсіз және тиімді пайдалануға бағытталған аймақтық келісімдерді нығайтпақ.

Сондай-ақ оқыңыз