
10 күн бойы павлодарлық құтқарушылар Ертіс жағалауында жоғалып кеткен 49 жастағы Марина Орлованы іздеп жатыр. Ол 17 қараша күні үйінен шығып, қайта оралмаған. Сіңілсінің жоғалғаны туралы полицияға әпкесі хабарлаған деп жазады жергілікті БАҚ.
Іздеу барысында полицейлер Ертіс жағасында әйелге тиесілі куртканы тапқан.
«Жерді тексеру кезінде еріктілер Маринаның суға түскен курткасы мен жеке заттарын тауып, судан алып шықты. Бұл ақпарат құқық қорғау органдарына және ТЖМ-ге берілді. Әйел қатты басы ауыратынын айтып жүрген, жоғалып кеткен күні де өзін жайсыз сезінуі мүмкін», – дейді еріктілер.
Ал Павлодар облысының Төтенше жағдай департаментінің өкілдері іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қаланың орталық жағалауынан Павлодар ауылына дейінгі өзен жағасы толық тексерілген.
«Ертістің оң және сол жағалауы визуалды түрде қаралды. Өзен акваториясы эхолот, «Гном» суасты дроны және әуе дроны арқылы зерттелді. Жаяу іздеу топтары 52 шақырымнан астам жерді жүріп өтті, су бетімен шамамен 178 шақырым аумақ тексерілді, – дейді олар. Маринаны іздеу операциясы әлі де жалғасып жатыр.
Осы күзде Павлодар облысындағы Қарасор көлінде 10 қазанда ағайынды екі жігіт жоғалып кеткен еді. Кейінірек біреуінің мүрдесін тапты, екіншісін дронның көмегімен іздестірді.