
Ресейлік әнші-рэпер Тимати Алматыдағы концертіне қатысты қазақстандықтардың бойкот жариялағанына қарамастан келді. Тимати Instagram сторисінде қала әкімдігінің ғимаратының алдында түсірілген видеосын жариялап, фанаттарын кешкі шоуға шақырды.
«Кешке Almaty Arena-да нағыз шоу болады. Барлығыңызды күтемін», – деді әнші.
Еске салайық, қыркүйек айынан бері бір топ қазақстандық белсенді Тиматидің концертін болдырмауға тырысып келеді. Бұған рэпердің соғысқа қолдау білдірген мәлімдемелері себеп болған. Әлеуметтік желілерде концертті тоқтатуға шақырған жазбалар кең таралған еді.
Осы оқиғаға байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдірген. Министрдің айтуынша, азаматтардың пікір білдіру құқығы сақталуға тиіс, ал құқық қорғау органдары бұл мәселені заң аясында қарастыруы қажет.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған концерт бүгін кешке Almaty Arena-да өтеді деп жоспарланған.