Биыл Абай облысынан 30 мыңнан астам адам көшіп кетті

2025 жылғы тоғыз айда Абай облысынан 31 393 адам көшіп кетті. Өңірдегі халық саны 5,5 мың адамға азайды. Бұл туралы Kursiv.Media облыс әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
1 қазандағы жағдай бойынша Абай облысында 597,3 мың адам тұрады. Оның ішінде қала тұрғыны – 374,4 мың (62,7%), ауыл тұрғыны – 222,9 мың адам (37,3%). Жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда, халық саны 5,5 мың адамға (0,9%) азайды.
Өңірде табиғи өсім төмендеген – 2 229 адам. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен (3142 адам) 29,1%-ға аз.
Тоғыз айда 6 200 адам дүниеге келді, яғни былтырғы көрсеткіштен (7231 адам) 14,3%-ға кем.
Көші-қон қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте облысқа 23 624 адам көшіп келген. Алайда өңірден 31 393 адам көшіп кеткен. Олардың басым бөлігі Қазақстанның басқа да өңірлеріне қоныс аударған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 20 млн 445 мың 231 адам тұрады.
Бұған дейін Kursiv.Media Берік Уәли басқаратын өңірдегі өзекті мәселелер туралы мақала жариялаған.