Полиция базар мен дүкен аралап, пиротехника тәркілеп жүр

Алматы қаласының полициясы мереке қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтті. Қызметкерлер базар мен дүкен аралап, пиротехника тәркілеп жүр. Бұл туралы Kursiv.Media ІІМ мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Полиция мәліметінше, Алматы қаласында қызметкерлер азаматтардың, әсіресе жас балалардың өміріне қатер төндіретін контрафакт пиротехника өнімдерін анықтау, тәркілеу жұмыстарын атқарып жүр.
«Қала базарлары мен сауда нүктелерінде рейдтер мен қауіптің алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды. Ережені бұзған тұлғалар жауапкершілікке тартылып, заңсыз өнімдер тәркіленіп жатыр», – деп хабарлады polisia.kz.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері әсіресе балаларға түсіндіруге ерекше назар аударады. Білім беру ұйымдарымен бірлесіп, пиротехниканы қауіпсіз қолдану жөнінде дәрістер мен кездесулер өткізіліп жатыр.
«Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пиротехника айналымына бақылау күшейтілді. Білім беру ұйымдарымен бірлесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз, арнайы дүкеннен тыс жерлерден пиротехника сатып алудың қауіптілігін ескертеміз», – дейді қалалық полиция өкілі Асхат Құлбаев.
Полиция азаматтарға пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы лицензиясы бар дүкендерден сатып алуға, қолдану тәртібін қатаң сақтауға кеңес берді.